• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 07:16:18
+12°

Бүгін Шымкент қаласының мемлекеттік мұрағаты ғимаратында «Шымкент қаласының Құрметті азаматтары» жинағының таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қаланың Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай топтастырылған жинақтың тұсауын кескен Шыңғыс Мұқан жарыққа шыққан туындының мақсатына тоқталды.

«Биыл мемлекеттік Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл мерейлі белес өткенімізді саралап, болашағымыздың бағдарын белгілейтін кезең. Қаламыздың бүгінгі дәрежеге жетуіне талай буынның еңбегі сіңді. Қаланың қалыптасуында жарқын із қалдырған көптеген қайраткерлердің есімдері тарихымызда аталмай ұмыт қалды. Бұл бағытта қала тарихын, оның өмірінде есімі белгілі болған тұлғалар тағылымын жинақтау мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен «Шымкент энциклопедиясы» жарық көретін болады. Осы жобаның бастамасы ретінде бүгін «Шымкент қаласының Құрметті азаматтары» жинағын шығарып отырмыз. Бұл кітап – жас ұрпаққа, көпшілік қауымға дарынды шымкенттіктер туралы кеңінен мағлұмат беріп, қала тұрғындарының интеллектуалдық әлеуетін арттырады деген ойдамын»,-деді қала басшысының бірінші орынбасары.

 Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Жинақта 1967 жылдан 2021 жылдар аралығындағы кезеңде Шымкенттің өркендеуіне ерекше үлес қосқан 145 түрлі сала қайраткерлерінің өмір дерегі, сіңірген еңбектері тізбектелген. Кітапқа енген тұлғалардың есімдері қала немесе оңтүстік өңіріне ғана емес, бүкіл республикамызға, халықаралық дәрежеде танылған. Олардың қатарында белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың, мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың, қоғам қайраткері Әділ Сасбұқаевтың, атақты бапкер Мырзағали Айтжановтың, тағы басқа елге белгілі азаматтардың есімдері бар.

Іс- шара барысында Шымкент қаласының құрметті азаматтары Еркін Сатқанбаев, Мырзағали Айтжанов сөз сөйлесе, Шымкент қаласының құрметті азаматы, Халық ақыны Мұхтар Шаханов пен Амалбек Тшановтың бейнежолдауы көрсетілді.

Жинақтың баспадан шыққан алғашқы 1 мың данасы қала кітапханалары мен оқу орындарына таратылмақ.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір