29 Қараша, 2021 NEWS
Көрнекі сурет
Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауы интернет кеңістігінде, Қазақстан БАҚ-ында ең көп талқыланған тақырыптың біріне айналды. Қызметтік тексерудің нәтижесі шықпай жатып-ақ еліміздің бүкіл білім беру жүйесінің дағдарысы мен мектептегі түйіткіл мәселелер жайында айтылған пікірлерде есеп болмады.
Білім ошағындағы жұмыс сапасының төмендігі, оқушылардың оқу жүктемесінің мөлшерден тыс артып кеткендігі туралы көптен бері айтылып жүр. Өзіне өзі қол жұмсау жағынан өткен онжылдықпен салыстырғанда жағдай жақсарғанымен, Қазақстан ересектер мен жастар арасындағы суицид саны бойынша әлемде көш бастап тұр.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми ақпаратына сәйкес, өткен жылы жасөспірімдер арасында 14 3өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркелген. Ал, суицид жасауға ұмтылғандардың қатары одан да көп болып шықты. Дегенмен бұл 2019 жылмен салыстырғанда статистиканың оңалғанын көрсетеді. Себебі, сол жылы жасөспірімдер арасында 180-ге жуық суицид болған. Басты себеп әрине отбасындағы мәселелер, әлеуметтік жағдайдың болмауы, басқа да жеке басқа қатысты туындаған жайттар екені анық. Мектеп, колледж, университет сияқты оқу орындары жағдайды өздігінен өзгерте алмайды. Оған білім беру жүйесін қаржыландырудың жеткіліксіздігі, білім сапасының төмендігі, ауыл қаладағы білімнің айырмашылығы, балаларының бәрінің бірдей сапалы білім ала алмауы-басты кедергі. Оны білім мекемелерінің бәрі болмаса да басым бөлігі бастан кешіп отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық белсенділер, ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдары Қазақстандағы білім беру саласын ұдайы назарында ұстайды. Олар мектеп оқушылары мен студенттердің ірі жарыстар мен байқаулардағы жетістіктерін айтумен шектелмейді. Сонымен қатар, білім сапасының нашарлығын, сыбайлас жемқорлық, суицид, әлімжеттік мәселелерін де көтеріп келеді. Журналистер, шенеуніктер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен халықаралық зерттеушілері үшін білім сапасы, оның келешегі мен қазіргі проблемалары-басты тақырып. Өйткені бұл сала еліміздегі әрбір азамат пен ата-ананың мүддесін қозғайды. Білім саласында байыпты сыни зерттеуді қажет ететіндігін көрсететін сан алуан деректер мен мысалдар жетерлік.
Қазақстандағы білім беру саласына бөлінетін қаржының аздығы, оған белгілі шектеу қойылатындығы, бұл ЮНЕСКО-ның ЖІӨ-нің 5%-7%-ы бойынша ұсыныстарына сәйкес келмейтін өзекті мәселе болып қала береді. Талап бойынша ковидтің алдын-алу бойынша рспублика бюджетінің білім беруге жұмсалатын шығыстары елдің жалпы ішкі өнімінің 2,5-3,5%-ы шегінде өзгеріп отырды. ЖІӨ-ге қатысты бұл инвестиция деңгейі төмен болып саналады және ЮНЕСКО ұсынған деңгейге жетпейді. Дүниежүзілік банк рейтингіне сәйкес, Қазақстан 2019 жылы білімге жұмсалған қаржы бойынша 217 елдің ішінде 157-ші орында болды.
Дегенмен, салыстыра айтсақ, Қазақстан Қырғызстан, Украина, Өзбекстан және бірқатар ТМД елдерінен озып кетті. Ал, ауыл мен қаладағы білім сапасы жер мен көктей болып тұр. Әзірге олқылық шешімін таппаған мәселе болып қала береді. Мәжіліс депутаты И.Смирнова қазіргі таңда ауыл мен қала балаларының арасында әлеуметтік жағынан да, тәрбиелік тұрғыдан да айырмашылық бар екенін растады. Сапалы білімге қол жеткізу жағынан да теңсіздік орын алған. «Иә, мен мектептердің барлығы НЗМ сияқты болуына қарсы емеспін. Бірақ бүгінде бұл мүмкін емес... Дәл қазір ауылға барып, баланың ешнәрсеге қолы жетпей жүргенін көресің. Сонда ол не үшін кінәлі? Қалада емес ауылда туғаны үшін кінәлі ме? ...».
Сыныпта оқушылардың мөлшерден тыс толып кеткендігі, екі ауысымдық тіпті кей жағдайда үш ауысымдық мектептердің болуы, білім ошағында жылудың жоқтығы, дәретхананың далада орналасуы, күрделі жөндеуді талап ететін ғимараттардың жағдайы. Осының бәрі шешімін таппай тұрғанда мұғалім баланың өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігін, анығырақ айтқанда психологиялық мәселелерін байқайды деудің өзі артық.
Қазақстанның 2021 жылғы бюджеті 13,7 триллион теңгені құрады. 2018 және 2019 жылдармен салыстырғанда көптеген салалар, соның ішінде білім беру жүйесін қаржыландыру айтарлықтай қысқарып, өзгерістерге ұшырады. Мәселен, 2021 жылы мемлекет есебінен құрылыс салу, «Отбасы банкі» төлемдері, Қорғаныс министрлігін, Ішкі істер министрлігін, тіпті ҰҚК-ны қаржыландыру сияқты көптеген салаға бюджеттік шығыстар қысқарды. Тек бір ғана қауіпсіздік органы, атап айтқанда шекарашылар үшін жұмсалатын шығын айтарлықтай өсті. Алайда, 2021 жылы білім беру саласын қаржыландырудың қысқаруына ең алдымен пандемия мен соның кесірінен болған экономикалық дағдарыс әсер етті. Оған қарастырылған қаражат 1,3 трлн теңгенің көлемінде. Мысалы, салыстыру үшін айта кетейік, 2019 жылы мемлекеттік бюджеттің білім беруге жұмсалған қаржысы біршама өсіп, жалпы ішкі өнімнің 3,62 пайыздық үлесімен 2,33 трлн теңгені құрады. 2020 жыл білім беру саласы үшін рекордтық жыл болды және елдің жалпы ішкі өнімінің 4,5 пайызы жағдайында 3,1 триллион теңгеден астам қаржыны құрады.
Қаражаттан шектеу Қазақстанның болашағы саналатын және оның дамуына үлес қосатын «киелі» деп саналып келген Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептеріне де әсер етті. Бір ғана Назарбаев Университетінің өзі 2021 жылға арналған бюджетінде мемлекеттік қаржыландырудың үштен бірінен астамын жоғалтты. Бірақ жоғары білімді қолдауға және ғылымды дамытуға жұмсалатын шығындар сақталып қалды. Қайта оның көлемі өсті.
Қорыта айтсақ, 2025 жылға қарай PISA нәтижелері бойынша қала мен ауыл мектептері арасындағы білім деңгейіндегі алшақтық азаяды. 1000 жаңа мектеп салынады. 5000 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі «Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында атқарылмақ. Яғни, аталған бағдарламаның уәдесі осындай. Ал, біздің қолымыздан оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге болады, деп үміттенуден басқа амал жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «қорқыту» және «кибербуллинг» үшін жауапкершілікті бекіту міндетімен бірге бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өмірлік қиындықтарды жеңе алатын ерік-жігері күшті оптимистер жаңа буынын қалыптастыру» идеясына оң әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ әзірге мұны қазақ қоғамы сәтті жүзеге асырып жатқан жоқ.
A+Analytics зерттеу орталығы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір