07 Желтоқсан, 2021 NEWS
Фото: Qamshy.kz
5 желтоқсан күні Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай VIII Халықаралық математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумы өтті. Жиынға Асқар Жұмаділдаев, Мұхтар Өтелбаев, Қайрош Мәкішев секілді белгілі математиктер және мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қатысты.
Форумда сөз алған мамандар білім беру саласындағы пандемиядан кейінгі қордаланған проблемаларды көтерді. Атап айтқанда, оқушылардың психологиясындағы өзгерістер, онлайн білім берудегі мемлекеттік тапсырыстың бөлінуі, үштілділік, білім беру саласындағы реформалардың тиімділігі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы білім жүйесінің жетістіктері мен кемшіліктері, оқушылар арасындағы теңсіздіктер, Edtex саласындағы инновация тақырыптары талқыланды. Форумға жиналған мұғалімдер де осы мәселелер бойынша өз ойын ортаға салып, ұсыныстарын бөлісті. Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жүйеленіп, «Математика пәндері мұғалімдері қауымдастығы» атынан Білім және Ғылым министрлігіне жолданатыны айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумды өткізудегі негізгі мақсат - математика пәні мұғалімдерін қолдау, ынталандыру және тәжірибе алмасу, сала өкілдерін кәсіби алаңға жинау, Қазақстанның математикалық білімін әлемдегі жетекші орынға шығару. Аталмыш шара аясында физика, математика және информатика пәні мұғалімдері арасында пәндік байқау өтті. Қазақстан математика пәні мұғалімдері ассоциациясының директоры Қайрош Мәкішев тапсырмалардың күрделі екенін жеткізді.
- Есеп екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде түрлі бағыттағы күрделі есептер берілді. Ал екінші бөлігіндегі есептер шығармашылық бағытында болды. Бұл есептердің шартына әдейі өзгерту енгіздік және оқушылардың қате шығарған есебін ұсындық. Жарыс қатысушылары оқушының қатесін тауып, түзету енгізуі қажет, - деді Қайрош Бексейітұлы.
Форум соңында үздік мұғалімдер анықталып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және ҚР БҒМ дипломымен марапатталды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір