24 Қазан, 2024 Барлық аймақтар
Фото. автордан
2024 жылдың 17 қазан күні Алматы қаласы, Қазақстан жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, сазгер, сатирик, атбегі Қажытай Ілиясұлының 85 жасқа толуына орай әдеби-музыкалық еске алу кешіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, оқытушы профессор құрамы және филология факультетінің 1 курс докторанттары сондай-ақ ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының шетелден келген қандас тыңдаушылар қатысып «Қажытайдың Бәйгетөбесі» атты тың естеліктер жинағының тұсаукесер рәсімінің куәсі болып қайттық.
Бұл әдеби-музыкалық еске алу кешінің шымылдығын жоғары оқу орындарынан келген профессор-оқытушылардың Қажытай Ілиясұлына арналған жылы лебіз және құттықтау хаттарымен ашылды. Атап айтқанда, бұл іс-шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері қатысты.
Әдеби-музыкалық кеште мазмұнды, мағыналы естеліктер мен Қажытай Ілиясұлының сөзіне жазылған «Қаршыға», «Арман-ай» сынды әндер орындалды. Сонымен қатар, белгілі сазгер, күйші Секен Тұрысбеков «Көңіл толқыны» күйін және мәдениет саласының үздігі, әнші, сазгер Мұратбек Сарыбасов ақынның «Кешіктің неге сен?» әнін тамаша орындады.
Қажытай Ілиясұлының күйші баласы Нұржан Жұматай Жақыпбековтің «Қажытайға» атты күйін керемет шеберлікпен орындап, қатысушылардың ықыласына бөленді. Студенттердің орындауымен ақын өлеңдеріне әдеби топтама көпшіліктің көңілінен шықты.
Әдеби кеш соңында ақын, сазгер Қажытай Ілиясұлының жары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова кеш қонақтарына, студенттерге алғыс ризашылығын білдіріп, бірнеше құрметті қонақтарға шапан жапты.
Сонымен қатар, «Қажытайдың Бәйгетөбесі» атты кітаптың мазмұнына қысқаша тоқталып өтті. Бұл кітапта негізінен, Қажытай Ілиясұлының шығармашылық өмірбаяны мен «Қажытай аузынан» деген айдармен берілген ақынның қанатты сөздері мен мақал-мәтелдері, баталары кейінге ұрпаққа қалдырған өнегелі, ғибратты мұра екені дәріптеліп, насихатталды.
Қорыта айтқанда, Қажытай Ілиясұлы жалпы адамдарға, жастарға үлгі-өнеге болатындай ғибратты сөзімен мәңгі есімізде қалады. Ақын:
Дүние сенен де өтер, менен де кетер,
Әуенім аққуды да елеңдетер.
Тақ пен бақ, жиған терген жолда қалар,
Ән мен күй кейінгіге өлең жетер.
Қажытай Ілиясұлының 85 жасқа толуына орай әдеби-музыкалық еске алу кешінің соңы ақын отбасыларының ұйымдастырумен мейрамханада құран-қатым оқылып, ас берілді. Қажытай Ілиясұлы ағамыздың жаны жәннаты болсын! Артында қалған ұрпақтары аман болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті,
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының
ф.ғ.к., профессор м.а., Сарбасов Б.С.,
филология факультетінің1 курс докторанты,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы Г.М.Мужигова
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір