• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 09:58:52
Алматы
+7°

Бүгін елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Онда мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі. Палата спикері елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жыл ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәртебесі биік, тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалағанын, бүгінде оны одан әрі нығайту үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табысты жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин тәуелсіздік – көп елдер үшін асқақ арман екенін, біздің бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған осы асқақ арманның орындалғанына биыл 30 жыл толып отырғанын, бұл біз үшін қайталанбас тарих екенін айтты.

 Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Жетпіс жыл бойы билік жүргізген Кеңес Одағы тарағаннан кейін, біздің халқымыздың жағдайы өте ауыр болды. Сол кезде барлық өндіріс және зауыт-фабрикалар тоқтап, колхоз-совхоздар тарап, мектептер, мәдени орталықтар жабылды. Мыңдаған азаматтар жұмыссыз қалды. Бірнеше ай бойы еңбекақы, стипендия басқа да төлемдер берілмей, экономикалық дағдарыс орын алды. Осындай ауыр кезеңде тәуекел етіп, ел тағдырын қолына алған Елбасымыз кемеңгер басшылығымен туған елдің сенімін ерлікпен, абыроймен ақтады.

- Қазақстанның 30 жылдық даму жолында халқымыздың рухы көтерілді. Еліміздің еңсесі биіктеді. Даламыз да, қаламыз да, өмір сапасы да заман талабына сай жаңғырып, жаңа өмірге қадам бастық. Жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық. Тарихпен алғанда аз ғана уақыт 30 жыл ішінде дамыған елдердің қатарына кірдік, - деді мәжіліс төрағасы.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бүгінде тәуелсіз Қазақстан – өзінің мыңдаған шақырым шекарасын бекіткен, дүниежүзіне тараған қандастарын бір шаңырақтың астына жинаған, көп ұлт өкілдерін ортақ Отанға біріктірген, бүкіл әлемге қажетті халықаралық мәселелерге бастамашы болған танымал, беделді мемлекет. Оған дәлел Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымына төрағалық еткені, Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғаны.

Сонымен бірге, палата спикері бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы  тәуелсіздігіміздің мәңгілік іргетасы, Шығыс пен Батысты байланыстыратын Еуразия өркениетінің Алтын Ордасы екенін, елбасының тағы бір тарихи шешімінің арқасында ашылған жаңа Түркістан облысы – Еуропа мен Азияны қосатын бүкіл Түркі әлемінің рухани  орталығы деп атанғанына назар аударды.

- Біздің халқымыз айтқандай, «тарих өткен күнге емес, тарих болашаққа жол салады». Біздің 30 жылдық тарихымыз, шыққан биіктеріміз, зор табыстарымыз – ол алдағы ұлы мақсаттарымызға жету жолындағы абыройлы белес. Біз Елбасының тәуелсіздік тағылымын басшылыққа ала отырып, Мемлекет Басшысы айтқандай, шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін бірлесіп, жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеуіміз керек. Бұл елім, жерім дейтін әрбір азаматтың парызы. Біз бабаларымыздың қасиетті жолымен, Тәуелсіздіктің құдіретті күшімен, болашақтың асқақ рухымен әлі талай биіктерді бағындырып, әлі талай асулардан асатын боламыз, - деді Нұрлан Нығматулин.

 Мәжілістің баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір