• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 23:43:57
Алматы
+12°

Заман өзгерсе де ұстаздарға деген құрмет өзгермейді. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, ұстаз жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Осы ретте журналистика саласындағы ұстазымыз, филология ғылымының докторы, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова жетекшіміз жөнінде айтқым келеді. Назгүл апайымыз өзінің білімі мен сауатының есесінде әр шәкіртіне журналистика саласында кәсіби маман болуға мүмкіндіктер сыйлады. Бірнеше жылдан кейін де ұстазымыздың студенттері бұл туралы ұмытпай факультетке жиі келіп, Назгүл апайдан кеңес алғанын көзімізбен талай көрдік. Ұстазымыздың өмірбаянына үңілсек, «профессор» атағына қалай ие болғанына куә боламыз.

Шыңғысова Назгүл Тұрсынбайқызы – филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1999 жылдан жұмыс істеген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтап, аспирантура бөлімінде 1995-1998 жылдары білімін жетілдіріп, 1999 жылы «Қазақ теледидары жастар бағдарламасының проблемалары» атты кандидаттық диссертациясын қорғаған. Кейіннен факультеттің телевизиялық журналистика кафедрасына оқытушы болып қабылданды. 1999-2003 жылдары студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысының жетекшісі, Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы ретінде факультетте студенттердің ғылыми деңгейін жетілдіруге бағытталған іс-шаралар өткізген. 2001 жылы іргесі қаланған БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасына аға оқытушы ретінде қабылданып, 2002-2010 жылдары БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасының доценті қызметінде, 2010 жылы 10.01.10 – журналистика шифры бойынша «Өңірлік мерзімді баспасөздің даму тенденциялары (қазақ тілді жарияланымдар бойынша)» тақырыбымен докторлық диссертация қорғаған. 2011 жылдың қыркүйегінен ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы меңгерушісінің ғылым, инновация, халықаралық қатынастар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады, РИСО мүшесі де болған. "2011 жылдың Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" грантының иегері атанып, қоғаммен байланыс мамандығы бойынша жұмыс оқу жоспарларын, бакалавриат, магистратура, докторантурада 20 типтік бағдарламалар, жұмыс оқу жоспарлары мен элективті пәндер каталогын даярлаған.  Сондай-ақ, журналистика, қоғаммен байланыс салалары бойынша зерттеу еңбектерінің авторы екендігін де тілге тиек етпесек болмайды. Ол еңбектері қазірде жас журналистер үшін анықтама кітап секілді құнды дүниеге айналған десек, артық айтқанымыз емес.

Ф.ғ.д. Н.Т. Шыңғысованың 1999 жылы «Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы» оқу құралы (11 б.т.), 2010 жылы «Өңірлік мерзімді баспасөздің өзекті мәселелері» монографиясы (35 б.т.) мен «Журналистика социологиясы» оқу құралы (11.7 б.т.) жарық көрген, сонымен қатар,  «Қазақ журналистикасы» 3 томдығының авторларының бірі. Назгүл апай «Қазақстандағы PR мен БАҚ» ғылыми жинағының авторлар ұжымының мүшесі. Бірнеше халықаралық шетелдік тренингтерден сертификаттар иемденген. Қазақстан PR-шы (2005-2011) Клубының ІІ-Х студенттік республикалық үздік PR жоба байқауында жүлделі орындарды иеленген студенттердің ғылыми жетекшісі болған.

Міне, осындай ұстазы бар шәкірттер ел болашағына үлесін қосар тұлға болып қалыптасатынына күмәніміз жоқ. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын шәкірттің бойына дарыту. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз тәрбиесі мен өнегесі студент-шәкірттің болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбиемен қатар, өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолға бағыт алған біз – бақытты шәкіртпіз. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі Назгүл апайымыздай ұстаздардың қолында. Егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы жоғары білім десек, қазірде ҚазҰУ-дың болашақ журналистері мен қоғаммен байланыс мамандарын кәсібилікке баулып жүрген Назгүл ұстазымызды сол даңғыл жолдың бастау десек болады. Біздің көптеген жетістіктерге жетуіміздің көлеңкелі тұсында Назгүл апайымыздың қаншама еңбегі жасырын жатыр. Қазірдің өзінде ұстазымыздың шәкірттері телеарналар мен радио, мемлекеттік қызмет, танымал компания пиаршысы деген секілді лауазымды қызметтерде жұмыс жасайды. Міне, осылай еңбек жолында талмай жүріп, бүгінде ұстазымыз елеулі 50 жасқа аяқ басты. Осы ретте, Назгүл ұстазға атқарып жүрген қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметіңіздің тек жемісін көріңіз деп тілек білдіреміз.

Халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының қызметкерлері

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір