• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қазан, 16:40:27
Алматы
+8°

Германия соты тарихи сот процесінде адамзатқа қарсы қылмыс жасаған сириялық полковникті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

58 жастағы Анвар Раслан Сириядағы азаматтық соғыс кезінде «Жердегі тозақ» деп аталатын түрмеде 4000-нан астам адамды азаптауға қатысы бар.

Кобленцтегі сот процесі - Сириядағы мемлекеттік азаптауларға қатысты қозғалған әлемдегі алғашқы қылмыстық іс.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құқықтар жөніндегі басшысы Мишель Бачелет соттауды шындыққа жету жолындағы «алға қарай серпіліс» деп бағалады.

Сирияның атышулы әл-Хатиб түрмесінде қамауда отырған ерлер мен әйелдердің  бастан кешкенін елестету қиын.

Раслан 2011 жылы үкіметке қарсы жаппай наразылықтар күшпен басып-жаншылған кезде президент Башар Асад тұсында қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды офицері болды деп айыпталды.

Прокурорлардың айтуынша, Раслан операцияларды басқарған Дамасктегі әл-Хатиб мекемесінде көптеген наразылық білдірушілер "режимге қарсы шықты" делініп, қамауға алынған.

Оған 2011-2012 жылдар аралығында 58 кісі өлтіру, зорлау және сексуалдық зорлық-зомбылық жасау сияқты айыптар тағылды. Деректер бойынша, ол кемінде 4000 адамды азаптағаны айтылды.

Бұл үкім әсіресе әл-Хатибтан аман қалған және сот процесінде куәлік бергендер үшін маңызды. Қылмыстық сот Асад режимінің өз азаматтарына қарсы жасағанын ресми түрде жариялады. Оны "адамзатқа қарсы қылмыстар" деп мәлімдеді. 

Раслан 2019 жылы Германияда тұтқындалды. Ол өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, сотталушыларға қатыгездік көрсетуге еш қатысы жоқ екенін және іс жүзінде кейбір тұтқындарға көмектесуге тырысқанын айтты.

Оның соты бірнеше себептерге байланысты кезектен тыс болды. Бұл Сирия билігі жасаған азаптаулар туралы бұрын-соңды болмаған оқиға. Сириядан қашып Германияға барған жүз мыңдаған сириялықтардың Германияға келуі осы соттың басталуына түрткі болды.

Қазір Германияда тұратын 800 000-ға жуық сириялықтардың көпшілігі Асад режиміне қарсы шыққандардың басынан өткен қорқынышты оқиғаларына куәгер болды. Неміс адам құқықтарын қорғаушылар істі сотқа жеткізу үшін әлемдік сот принципін қолдана отырып, өз істерін бастады. Бұл бір елде жасалған ауыр қылмыстарды басқа елде соттауға мүмкіндік береді.

Істі басқарған Конституциялық және адам құқықтары жөніндегі Еуропалық орталықтың басшысы Вольфганг Калек жүздеген мың адам азапталып, соның салдарынан ондаған мың адам қаза тапқанын ескерсек, әділдік туралы айту қиын дейді.

Тірі қалған елу адам Кобленцтегі сотқа айғақтар берді; 24-і іс бойынша қосымша талапкер болды.

Куәгерлердің әңгімелері қорқынышты. Сотта ұсталғандарды қалай ұрып-соғып, аязды суға батырғандары тыңдалды. Кейбірін зорлағаны немесе бірнеше сағат бойы төбеге іліп қойғаны туралы айғақтамалар көрсетілді. Азаптаушылар олардың тырнақтарын жұлып, тоқ соққан.

Тірі қалған бір адам күні бойы азапталып жатқан адамдардың айғайын еститінін жеткізді. Тағы біреуі азаптауда арнайы «құралдар» қолданылғанын және азаптаушылар істеп жатқандарынан ләззат алғанын айтады.

Раслан енді өмір бойына түрмеде отыруы мүмкін.

Прокурорлар өткен жылы тағы бір сириялық шенеунікті соттың бір бөлігі ретінде айыптады. Азапталып, өлтірілген наразылық білдірушілерді ұстауға көмектескен Эйяд-әл-Гариб адамзатқа қарсы қылмысқа қатысы бар деген айыппен төрт жарым жылға түрмеде отырды.

Неміс адвокаттары бірқатар басқа күдіктілерге қатысты істерді дайындап жатыр,  олар бұйрық тізбегінің басында тұрғандарды жауапқа тартқысы келеді.

Башар Асад сот процесін қадағалап жатқанын айтты, бірақ ол және оның үкіметі жүздеген мың өз азаматтарын азаптау немесе «жоғалып кетті» деген айыптарды бірнеше рет жоққа шығарды.

Кейбір дәлелдемелер Сириядан заңсыз әкелінген жан түршігерлік фотосуреттерге сүйенді. Фотолар түрмеде қайтыс болды деп есептелетін мыңдаған адамдардың өлі денелерін көрсетеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Германия Сирия

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір