• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Қараша, 01:30:36
Алматы
+12°

18 Қаңтар, 2022 NEWS

Назарбаев үндеуі қайда түсірілген, ол шын мәнінде не айтқысы келді?

Ол осы арқылы саяси аренадан түбегейлі кеткенін, өзінің елдегі билікке ықпал ете алатындай рөлі жоқ екенін білдірген болуы мүмкін.

Фото: Ашық дереккөз

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев араға 20 күн салып ел алдына шықты. Дәлірек айтқанда бейнеүндеу жолдап, өзінің астанада екенін мәлім етті.

4,5 минуттық мәлімдемеде Н.Назарбаев мейлінше ресми сөйлеп, елдегі халық наразылығы мен одан кейінгі жаппай тәртіпсіздік туралы айтқанда президент әлденеше рет қайталаған террористік шабуыл сөздерін қолданды. Өзі елді басқарған 30 жылда Қазақстанды дамытуға барын салғанын, әлеуметтеу-экономикалық дамуда көптеген нәтижеге қол жеткізілгенін айтты.

Алайда елде болып жатқан жағдайларға, тікелей өзінің әулетіне байланысты оқиғаларға байланысты жақ ашпады. Осы уақытқа дейін неліктен ел алдына шықпағаны, "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заңға сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы бола тұра, төрағалық неліктен президентке өткені, өзінің көмекшісі болған ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтың мемлекеттік сатқындық күдігімен айыпталғаны, туыстарының жаппай қызметтен шеттетіліп жатқаны туралы ештеңе демеді.

Видео жалпы және үлкен кадрда түсірілген. Кадр бірінен екіншісіне қайта-қайта өткізіліп, "жылт-жылп" етеді.

Видео қай кезде түсірілгені белгісіз. Артқы фон Н.Назарбаев Ақордадан көшкелі оның жұмыс орны болған Назарбаев орталығындағы кабинеттердің біріне ұқсайды.

Мәселен, осы фонға ұқсас жерде Нұрсұлтан Назарбаев 2021 жылғы 21 қыркүйекте "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакрабартимен кездескен.

8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысына қатысушыларға үндеу жолдаған.

2021 жылғы 1 шілдеде осы жерде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдаған.

Өткен жылдың 3 маусымында Армения Республикасының президенті Армен Саркисянмен кездескен.

 

Осыған қарағанда Н.Назарбаев шынымен де астанада немесе жұртшылық солай ойласын деп артқы фон мейлінше өзінің жұмыс орнына ұқсас етіп жасалған.

Экс-президенттің мәлімдемесінен кейін де көптеген сауалдардың басы ашық қалғанына қарағанда, мәлімдеме "Назарбаев қазір қайда?", "Ол тірі ме?" деген сауалдарға жауап ретінде жасалғанға ұқсайды.

Сондай-ақ Назарбаев 2019 жылы президент ретіндегі өкілеттігін тоқтатқалы алғаш рет өзі туралы "зейнеткер" сөзін қолданды. Ол осы арқылы саяси аренадан түбегейлі кеткенін, өзінің елдегі билікке ықпал ете алатындай рөлі жоқ екенін білдірген болуы мүмкін.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Назарбаев үндеу

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір