• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 09:17:25
Алматы
+12°

Ұлыбритания парламенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен жақын адамдарына санкция салу мәселесін қарастырды. Аты аталғандар арасында экс-президенттің ортаншы күйеу баласы – Тимур Құлыбаев, мәжілістің экс-спикері – Нұрлан Нығматулин, "Nur Otan" партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары – Бауыржан Байбек, сондай-ақ қазақстандық элитаның бірқатар өкілдері бар.

– Мен Ұлыбританияны келесі тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы санкциялар енгізу үшін шаралар қабылдауға шақырамын және олардың барлығының активтерді тәркілеу мен парақорлыққа қатысы болуы мүмкін, – деді Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Хэдж Қазақстандағы қаңтар оқиғаларына қатысты пікірталаста.

Ол қолындағы мәліметтер туралы "уақытқа байланысты шектеулі, бірақ әр оқиға таңқаларлық" деп айтты.

– Бұл – Тимур Құлыбаев, оның әйелі Динара Назарбаева – Назарбаевтың қызы және олардың серігі Арвинд Тику. Қолда бар деректер бойынша Құлыбаев қызмет бабын асыра пайдаланып, қыруар байлық жинағанын көре аламыз. 2020 жылы "Financial Times" басылымы Құлыбаевтың мемлекеттік мұнай құбырларының негізгі келісімшарттарынан пайда алу үшін жасырын схема пайдаланғанын әшкереледі. Басқа елдерде оған қатысты ақшаны жылыстату және пара алу күдігі бойынша тергеу басталды. "Forbes" мәліметтеріне сүйенсек, оның байлығы 2,9 млрд долларды құрайды. Ал Ұлыбританияда ол кем дегенде 60 миллион фунт стерлинг тұратын жылжымайтын мүлікке иелік етеді, – деді деді британдық парламент мүшесі.

Ол Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Қайрат Шәріпбаевтың да атын атады.

– Дариға – Назарбаевтың үлкен қызы. Оның Forbes 595 миллион долларға бағалаған империясы оффшорлық компаниялардың, қорлардың және трасттардың керемет күрделі жүйесінде жасырылған. Лондонда шығу төркіні беймәлім оған тиесілі үш жылжымайтын мүлікті тәркілеуге санкция берілді. Бірақ Source Material тергеушілері Назарбаева Ұлыбританияның жоғарғы сотын жаңылыстыруы мүмкін деп мәлімдеді. Ал, Шәріпбаев "Назарбаевтар отбасының Банкі" деп аталатын Bank RBK банкінен алаяқтық жолмен $334 млн алған адамдардың бірі, – деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ ол өз сөзінде бұл жерде Дариғаның ұлы, экс-президенттің немересі Нұрәлі Әлиев те барын айтты.

– 21 жасында Әлиев  "Нұрбанк"  төрағасының орынбасары болып тағайындалды, ал 22 жасында басқарма төрағасы болды. Ұлыбритания соты ол 2008 жылы бір компания арқылы банктен 65 миллион доллар несие алғанын, содан кейін тағы бір несие алғанын көрсетеді. Заңгерлердің айтуынша, Нұрали бұл қаражаттың бір бөлігін 39,5 миллион фунт стерлинг тұратын Бишоп даңғылында үй сатып алу үшін пайдаланған, – деді Маргарет Хэдж.

Бұдан кейін ол Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов және оның серіктесі Айгүл Нұриева туралы айтты.

– Мәсімов – Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, оған британдық компаниялар тарапынан пара алды деген айып тағылды. Оған сондай-ақ 45 тікұшақ сатып алу үшін Airbus-тан пара алды деген айып тағылды. Нұриева – Мәсімовтің сенімді адамы. Ол жалпы сомасы 64 млн доллар пара алуға байланысты Швецияның "Teli" телекоммуникациялық компаниясымен ірі сыбайлас жемқорлық жанжалдарына қатысы бар, – деді ол.

Ол келесі кезекте ірі кәсіпкер Владимир Ким туралы сөз қозғады.

– Ким – Қазақстанның ең бай адамы, оның байлығы шамамен $4,3 млрд. Ол Лондон қор биржасында тіркелген алғашқы қазақстандық компания – Kazakhmys plc-ті басқарды. Global Witness есебінде компанияны іс жүзінде Назарбаев басқарды, ал Ким оның сенімді өкілі болды. 2017 жылы Кимнің 18 жасар қызы Камила Найтсбриджден 60 миллион долларға үш пәтер сатып алған, – деді Ұлыбритания депутаты.

Ол Кимнің серіктесі – Эдуард Огай "Kazakhmys-тың" ортақ иесі екенін және "премьер-министрге пара берді" деп болжанып отырғанын айтты.

Депутат өз кезегінде Кеңес Рақышев туралы да айтты. Сөзінше, оның $1,6 млрд-қа жететін байлығы бар. Сондай-ақ ол саяси элитамен тығыз байланыста екенін де атап өтті. АҚШ-тың санкцияларына ұшыраған Шешенстан Республикасы басшысының жақын серігі.

Тізімдегі келесі адам ретінде "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев туралы айтылды.

– Мыңбаев Энергетика және минералдық ресурстар министрі болған. Бірақ ол өзінің министрлік лауазымымен мүдделердің айқын қайшылығы болғанына қарамастан, Қазақстанда мемлекеттік келісімшарттарды жеңіп алған, құны $3 млрд болатын Бермуд компаниясын жасырын иеленді. Оның әйелі мен ұлы Ұлыбританияда жылжымайтын мүлікке ие, – деді Хэдж. 

Әрі қарай депутат тізімін "олигархтар триосы" деп аталатын Александр Машкевич, Патох Шодиев және олардың марқұм серіктесі туралы ақпаратпен жалғастырды. Eurasian Natural Resources Corporation компаниясына тиесілі қазақстандық тау-кен өндіру компаниясы "триоға" тиесілі делінетін.

– 2013 жылы алаяқтықпен күрес басқармасы африкалық саясаткерлерге пара берді деген айыптан кейін компанияға қатысты қылмыстық тергеуді бастады, – деді саясаткер.

Сонымен қатар, президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Болат Өтемұратовты да айтты.

– Өтемұратов – Назарбаевтың бұрынғы аппарат басшысы. АҚШ дипломатиялық хабарламасында Өтемұратов президенттің "жеке қаржы менеджері" екені және өзінің веб-сайтында оның жеке байлығы 3,9 миллиард долларға бағаланғаны айтылған, – деді Хэдж. 

Депутат тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаевты да назардан тыс қалдырмады.

– Болат Назарбаев – Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасы, өте бай адам. 2008 жылы ол Манхэттендегі ультра эксклюзивті Плаза қонақ үйінен 20 миллион фунт стерлингке пәтер сатып алды. Оған қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқан қарулы топтарға қатысы бар деген айып тағылып отыр, – деді британ парламентінің депутаты.

Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы басшысы Ахметжан Есімовтің де есімі аталған.

– Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Есімов өзінің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновке британдық Виргин аралдарының құпия компаниялары арқылы "Қазфосфат" деп аталатын британдық компанияны сатып алу үшін несие берген. Есенов қазір Қазақстанның ең бай адамдарының бірі, – деді саясаткер.

Сонымен қатар, Ұлыбритания парламентінде бизнесмен Қайрат Боранбаевтың есімі де аталды.

– Қайрат Боранбаевтың қызы Назарбаевтың немересіне үйленді. Ол бірқатар лауазымдарды атқарды, соның ішінде Түркіменстаннан газды транзитпен тасымалдауға қатысты. Оның Вирджиния Уотер штатында 25,4 миллион фунт стерлинг болатын үйі,  Уан Хайд саябағындағы 60 миллион фунт стерлингтік пәтері және Найтсбриджде құны 15 миллион фунт стерлингтен асатын үш люкс пәтері бар, – деді депутат.

Ол сондай-ақ кәсіпкер Александр Клебанов туралы да айтты.

– Содан кейін Александр Клебанов пен оның ұлы Яков бар. Александрдың байлығы 374 миллион долларға бағаланады және ол Орталық Азия электр энергетикасы корпорациясын басқарады. Бұл екі адам бұрынғы президент отбасының қаржылық сенімді адамдары. Олар Дариға Назарбаеваға шығу төркіні белгісіз мүлікті тәркілеуге көмектескен деген болжам бар, – деді саясаткер.

Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек және бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев "Nur Otan" партиясының жоғары лауазымды тұлғалары және Назарбаевтың жақын серіктері.

– Олар сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасап, ықтималды адам құқығының бұзылғанына жауапты, – деді ол.

Депутат экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваны да назардан тыс қалдырған жоқ.

– Ұлыбритания жоғарғы соты Әлия Назарбаева күрделі оффшорлық құрылымдар, соның ішінде Британ Виргин аралдары арқылы елден 300 млн доллардан астам қаражат шығарғанына назар аударды, – деп айтты ол.

Британдық депутат кәсіпкер Айдан Кәрібжановты банкир ретінде өз жағдайын жасады деп айыптады.

– Бұрынғы әйелі Айдан Кәрібжановты Қазақстанның ұлттық телекоммуникация компаниясын сатып, мемлекет есебінен саяси байланыстары бар инсайдерлерге орасан табыс әкелетін мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы банкир қызметін қолма-қол ақшаға айналдырды деп айыптайды, – деді депутат.

Депутаттың келесі тізіміне бизнесмен Қайрат Сатыбалды мен оның інісі – ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш кірді.

– Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіш – оффшорлық құрылымдар арқылы қомақты байлыққа ие болған Назарбаевтың жиендері. Екеуі де бейбітшілік пен қауіпсіздікке нұқсан келтіретін билік үшін күреске қатысқан Назарбаевтың негізгі адамдары, – деді ол.

Осылайша Ұлыбритания парламентінің депутаты Маргарет Хэдж барлық аты аталған адамдарға қарсы санкциялар енгізуді ұсынды.

– Жемқор элитаға санкциялар салу олардың жаман тәжірибелерін жоймайды және Қазақстанға түбегейлі демократиялық өзгерістер әкелмейді. Бірақ бұл – біздің лас ақша мен сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі міндеттемемізге адал екенімізді көрсетеді. Әрекетсіздіктің құны жоғары болады. Лондон мен біздің қаржылық қызмет көрсету секторының беделі қазірдің өзінде құлдырады, өйткені Ұлыбритания лас ақшаға пана ретінде көрінеді. Егер біз тез әрекет етсек, Ұлыбританияның беделін қалпына келтіріп, одақтастарымызға клептократтар мен олигархтарды паналамайтынымызды көрсете аламыз. Егер үкімет осы екі майданда тағы да сәтсіздікке ұшыраса, Қазақстаннан келген қылмыстық клептократтар сияқты адамдар тек қуанады әрі үлкен ақшаны оңай жасауды жалғастыра береді, – деп қорытындылады Маргарет Хэдж.

Материал КазТАГ сайтынан аударылды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір