• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:28:32
Алматы
+12°

29 Желтоқсан, 2013

Әшірбек Сығай, өнертанушы, театр сыншысы: Жанайқай аз, бос айғай көп...

«Үлкен қаржыға түсірілген, Бәленше деген режиссердің Түгенше деген фильмі басталады. Жазулар шығып біткен. Оқиғаның өріс алу сәті. Театр мен кинода жарқырай...

1329468549

«Үлкен қаржыға түсірілген, Бәленше деген режиссердің Түгенше деген фильмі басталады. Жазулар шығып біткен. Оқиғаның өріс алу сәті. Театр мен кинода жарқырай көріне бастаған атышулы актер атып шығады. Әлдеқандай рөлде. Фактура ұрып тұр. Грим де жаман емес. Талант жағы да тіфә-тіфә. Бірақ... Сол актер өз рөлімен шыға келгенде Күлімхан жеңешем: – Құдааай, мынау Епоштың тойын жүргізген тамада ғой, – деп қойып қалады. Бітті, басталды. Сембек ағаң жалғайды: – Қалай, дұрыс басқара ма екен? – Жоқ-ей, құрсын. Тойды шашыратып алды. Адамдар бірін-бірі тыңдамай бардак болды. Одан гөрі Миканың ұзату тойындағы тамада әлдеқайда жақсы, ешкім танымаса да. – Иә, мыналар сол атағына малданып алған. Еще бағалары сұмдық қымбат. – Қаншаға басқарыпты? – 1500 доллар. – Қо ей... – Иә. – Ой бұлар әртүрлі бағаға шыға береді екен. Ана Жаңабайдың тойын 70 мың теңгеге жүргізіпті ғой. Осылай басталған әңгіме өз шегіне жеткенде кино да тәмам болады. – Не боп бітті өзі, – дейді киноға көңіл бөлмей, әңгіменің қызығына кірген туыстар. – Өлді. Анау атып кетті. – Кім кімді атты? – Ана Ипоштын тойын жүргізген тамада Еконың тойындағы тамаданы. – А-аа-а-а. Қайран кешегі актерлар. Сеніп қалушы едік қой. Сендіруші еді ғой». Жас жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жазған осы бір әңгімесін белгілі театр сыншысы, өнертанушы Әшірбек Сығайға айтқанымызда, ағамыз әдемілеп бір күліп алды. «Әдемі айтқан екен, тауып айтыпты!» – деді риза болып. Әшірбек ағаның өзі де тауып айту, қауып айту жағынан осал емес. Тіліп айтады кейде. Мақтамен бауыздағандай етіп айтатыны бар. Дәстүрлі театр фестиваліне қазылық еткен Әшірбек ағаның марапаттау рәсімінде айтқан репликалары күні бүгінге дейін біраз жұрттың аузында жүр. «Сені көрсем, әртіс көргендей боламын деп қалжыңдаймын», – деді кәсібіне адал Оразхан Кенебаев туралы. «Баяғыда Төлегенді ойнап, сол образдан шыға алмай қалған», – деді Құман Тастанбековтің аңғалдығы мен адалдығын алға тартып. Бір сөйлемінің өзі бір мақаланың жүгін көтеретін Әш-аға бүгінде Астанада қызметте. Алматыға жазғы демалысқа келгенін пайдаланып, әңгімелескен едік. Әдеттегідей, әңгіме театр, драматургияның проблемалары, өнердегі тазалық пен шеберлік төңірегінде өрбіді.

ӘРТІСТЕР ТУРАЛЫ

«Баяғыда әртістерді бір көру үшін үзілісте сығалап, сахнаның сыртын аңдап жүреді екен» деп қалдың ғой жаңа. Ол уақыт оралмайды. Мен осылай деп үзілді-кесілді айта аламын. Өйткені, ол кезде баратын жер де жоқ еді. Көретін бес-алты актер болды: Құрманбек, Шара, Күләш, Хадиша, Қамал Қармысов, Шәкен Айманов... Қазір олай емес. Әрі қазіргі актерлар ұсақталып кетті. Тек болмыс, бітім жағынан ғана емес, жалпы барлық жағынан ұсақ. Әртіс деген Райымбек Сейтметов сияқты болу керек қой. Ой десе ой, бой десе бой бар. Қазір бір кілең қушиған актерлар. Дауыстары да бойларына сай. Жастар ойнамай жатқан жоқ, ойнап жатыр. Биді де, ханды да. Бірақ, сендіре алмайды. Өйткені, қазір бәрі тамада болып кеткен. Кеше ғана масаң ортада аузына келгенді айтып, әркімнің көңілінен шықпаққа тырысып, өтірік күліп, өтірік күлдіріп тұрған актердің сахнадағы ойынына жұрт қызықпайды. Неге қызықсын, кеше түнде ғана тойда көрген адамы. Әртістердің той жағалап жүргені жақсы нәрсе емес. Тойда ән айтылмаса екен деп тілеп отырамын. Қылым да қисаймайды, ән тыңдағандай болмаймын. Өйткені, өзі айтып тұрған жоқ. Фонограммамен аузын жыбырлатқанына мәз. Әнді үйде жатып магнитофоннан тыңдамаймын ба?! Байғали Досымжановтың даусындай дауыс жоқ қазір. Халық әндері, халық композиторларының әндері қандай керемет! Алғашқы нотасы ойнай бастағаннан-ақ бұла кезің еске түседі. «Сырымбеттің» алғашқы нотасы естілгеннен елтисің. Біз ол «Сырымбеттен» әлдеқайда кеш тудық, сендер тіптен. Осы әндерге елтитінсің. Қазіргі әндерге елти алмайсың. Қазақтың тамаша әндерінің итін шығарып жүрген жастар бар. Мауыққан мысық сияқты мияулайды келіп. Әп-әдемі әндердің ит-рәсуасын шығарады. Сол жастар эстрададан кетіп қалса, ештеңеміз кеміп қалмайтын еді. Бірақ, қазір біреу біреудің ақылын тыңдамайтын заман. Өзім қазір жиі баратын Астананың театрында көңілден шығатын, жүректің қылын шерте алатын бір топ актерлар бар. Ержан Нұрымбетов деген жігіт бар, Райымбек Сейтметовтің шәкірті. Ұстазының жақсы қасиеттерін сіңіріп, соны өз бойындағы талантымен шебер көрсетіп жүрген жігіт. Қуандық Қыстықбаев пен Айнұр Жетпісбаеваның өнері көңілімнен шығады. Ләйләлар есейіп қалды. Ерлан Малаев та соның ішінде. Нұркен Өтеулиев – өте талантты актерлардың бірі. М.Әуезов театрындағы Дулыға Ақмолданы ерекше атаймын, өнерге адал жігіт. Бойы аласа болғанымен, ойлы, парасатты жігіт. Нұркен де сондай. Ғажап актер. Есейе келе бұлар үлкен толқынға, үлкен буынға айналарына сенімім кәміл. Өнер университетін жақсы-жақсы балалар бітіріп жатыр. Жуырда «Жігіт сұлтаны» деген байқауға қазылық еттім. Сонда бірінші орын алған Олжас Ыбыраев өнер университетінің екінші курсында ғана оқиды. Гүлжан Әспетованың шәкірті. Бойы сырықтай, жауырыны қақпақтай. Солардың өзіне көңіліміз толыңқырамай, айтып отырдық. «Жігіттің сұлтаны» дерлік жігіттер ауылда, жылқының төңірегінде жүр, оларды іздеу керек, шығару керек.

ТЕАТР ТУРАЛЫ

«Әуезов театрына барғанда, кейде, жетім қыздың тойына барғандай болатынымыз бар. Декорация да жұпыны, сахнаның безендірілуі де жұтаң. Одан гөрі жастар театрында жаңашылдық көбірек». Біздің бұл ойымызды да Әшірбек аға құптады. Жастар театрында музыканың көп екенін айтты. Біз Болат Атабаев құрған «Ақсарай» театрының қыз-жігіттері қойған «Көшкінді» айттық. «Театрдан шыққандай болдық» дедік. Актерлардың шеберлігін алға тарттық. Жүз адамдық залда микрофонсыз-ақ, сыбырлап сөйлеп жүріп-ақ жүрекке жеткізе білгенін, өмірдің өзін көргендей болғанымызды айттық. Басқа театрлардан осындай ләззат алмайтынымызды да жасырмадық. «Кінәні кімнен іздейміз?» – деп сұрадық. «Ол драматургиядан да болады. Құрғақ сөз, баяндау. Риторикаға, жаттанды сөзге құрылады дегендей. Десе де, көп нәрсе режиссураға байланысты. Режиссура біздің ең осал тұсымыз. Өкпе тұсынан қадалып тұрған шаншу. Драматургия мен режиссура туралы «апама жездем сай» деп жаздым да. Екеуі де құйқылжып тұрған жоқ. Ал Болат қашаннан ешкімге еліктемейтін, өзінше ойланып, өзінше толғанатын жігіт. Сөзіңе қарап, қуанып отырмын. Ол қойылымның табиғаты солай. Сыбырлап сөйлеу керек. Ол айқайлап сөйлейтін қойылым емес. Қар құласа бітті ғой шаруа, тұтас ұрпақ кетеді. Ұлт кетеді, халық кетеді. Ал бізде айқайлап жүреді. Әуезов театры да қойды осы қойылымды. Айқайлап жүрді. Театр деген – интимдік өнер, камералық өнер. Ал бізде айқай. Қой жайып, айдалада жүрген адам сияқты сөйлейді. Тізе қосып, екі құрбының сырласқанындай дүние. Бұған микрофонның да керегі жоқ. Басқа өнерден айырмашылығы да сонда. Жүректен шыққан сөзді сорғалатып, жүрекке сіңіру ғой басты мақсат. Кейде айқайдың өзін естімейсің, өйткені бос айқай. Ал сыбырлап сөйлеп, жеткізе білсе, соның өзін естисің. Яғни, Болат кілтін тапқан. Қарағандыда да қойды. «Айналайын-ау, неменеге айқайлайсың? Қар көшкіні болса, астында қаласың ғой!» дедім. Тіршілік үшін күресіп жатқанына осыдан кейін қалай сенесің? Қазіргі актерлардың қолынан келетіні – тек айқай. Оны қағып отыратын режиссер жоқ. Ол туралы «Толғау» деген кітабымда жаздым да. Кейде айқай керек болады, ол – жанайқай. Ол ақталады. Ал біздің актерлардікі даңғырлаған бос бөшке сияқты бос айқай. Айқайдың табанында кетіп жатыр. Жылауды қатырса да, актерларымыз күле алмайды. Өтірік күледі. Ол мұғалімнің де кінәсі. Баяғы Ноғайбаев, Жантөриндер қалай күлетін еді. Шынымен ішектері түйіліп қалғандай болатын. Қазір ондай жоқ», – дейді Әшірбек аға.

ДРАМАТУРГИЯ ТУРАЛЫ

Алматы мен Астананың театрларында тәуір қойылымдар жоқ емес, бар. Бірақ, драматургияның мәселесі әлі де сол «баяғы жартас – бір жартас». Бұл өзі екінің бірі еңсеріп кете алатын сала емес, қиын да күрделі жанр. Қалам тербейтіндер сирек. Сол баяғы Дулат Исабеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Иран-Ғайып, Исраил Сапарбайлар. Жастар жағы тіптен сирек. Дидар Амантай мен Данияр Саламат бір-бір пьеса жазды да, қойды.

РЕПЕРТУАР ТУРАЛЫ

Астананың Қалибек Қуанышбаев атындағы театры Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасын қойды. Бұл өзі дипломдық жұмыс болса да, көңілден шықты, тыңғылықты даярланыпты. Көрерменнің де көңілінен шыққан сияқты. Астананың жастар театры да қарап жатқан жоқ. Жақсы қойылымдарымен, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Алматыдағы М.Әуезов атындағы театр «Ұлы мен ұры», «Жақсы кісі» сынды жақсы қойылымдарымен есте қалды. Алғашқысының режиссері Есмұхан Обаев, кейінгісінікі – Жанат Хажиев.

Жазып алған Жұлдыз Әбділда.

ikitap.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір