Фото: Азаттық радиосы видеосынан скриншот
Қаңтар оқиғасынан кейін 17 күн бойы қамауда болған Саят Әділбековтан азаптау фактісі бойынша жауап алынды. Бұл туралы Әділбеков әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті.
– Ауруханада тұтқындау кезінде және СИ-18-де мені азаптауға байланысты түсірген арызым бойынша 10 ақпанда мені антикорға шақырды. 11 ақпанда алғаш рет жауап алды. Менен жауап алған антикордың аға тергеушісі Айбек Мустафин іс өте маңызды екенін айтты. Мен мұны естіп қуандым. СИ-18 мекемесінде мені және өзгелерді азаптағандар шынымен де тергеліп, кінәлілер сотталады деп үміттенемін. Қазір көбі үрейленіп қалған, арыздануға қорқады. Бірақ бізге жасағандарын айтпай қалуға болмайтынын түсінеді деп сенемін, – деді ол.
Сөзінше, тергеушімен әңгіме 5 сағатқа жуық уақытқа созылған.
– Шынымды айтсам, СИЗО-дағы нәрсені бүге-шүгесіне дейін қайтадан өткеру қиынға соқты. Құдды мені азаптағанын дәлілдеуге тиіс сияқтымын. Сөздерімнің растығын аурухана мен тергеу изоляторындағы 8 қаңтардан бергі видеоларды сұратып-ақ білуге болады. Қалай болғанда да мен бұған шыдауға әзірмін, мен үшін бастысы әділдікке қол жеткізу, – дейді Саят.
Саят Әділбеков 5 қаңтарда үйінен сырқаттанып жатқан қызына дәрі алуға шыққан. Жақын жердегі дәріханалардан қажетті дәріні таппай, орталыққа барады. Сол жақта екі жерінен оқ тиіп жараланып, қалалық 7 ауруханаға жеткізіледі. Оған ота жасалып, екі күнін жансақтау бөлімінде өткізген. Ал 8 қаңтарда оны және ауруханада жатқан 30-ға жуық жігітті полиция алып кеткен. Саят полицейлер ауруханада тұтқындау кезінде, артынша тергеу изоляторында азаптағанын айтады. Ол 25 қаңтар күні 11 адаммен бірге бұлтартпау шарасы өзгертіліп тергеу изоляторынан босатылған. Алайда "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген 11 адамның ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір