• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 07:11:22
Алматы
+12°

03 Қаңтар, 2014 Саясат

Еуропаға таныс, Қазақстанға бейтаныс Қарыс Қанатбай кім?

Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясы (FEKA) ұйымдастыруымен 29 желтоқсанда «Түрік елі-Түркістан Ұлт-азаттық комитеті» жетекшісі Қарыс Қанатбай және оның...

5656

Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясы (FEKA) ұйымдастыруымен 29 желтоқсанда «Түрік елі-Түркістан Ұлт-азаттық комитеті» жетекшісі Қарыс Қанатбай және оның серіктерін еске алу шарасы өтті. Шара аясында Германияның Мюнхень қаласындағы мұсылмандар зиратында барып, Қанатбай және оның серіктері туралы баяндамалар жасалып, құран оқылып, дұға бағышталды, гүл шоқтары қойылды. Желтоқсан айының Қазақ тарихында алар орны ерекше. Өйткені 1917 жылы 13 желтоқсанда «Алаш Орда» Ұлттық автономиясы Үкіметі жарияланды. Қазақстанның тәуелсіздікке барар жолындағы аса маңызды белес саналатын Алматыдағы «Желтоқсан көтерілісі» 1986 жылдың 16-18 аралығында болды. 1991 жылдың 16-шы желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Міне, сол қазақ үшін қасиетті желтоқсан айында өмірлерін елінің тәуелсіздігі үшін сарп еткен Қарыс Қанатбай және оның серіктерін еске алуды өзімізге міндет санадық. Негізгі мамандығы тау-кен инженериясы болған Қарыс Қанатбай 1911 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары Кеңес әскері қатарында офицер болып майданға аттанады. Кейінірек немістер жағына өтіп, сонда жүріп, елінің, жалпы Түркістан аумағының азаттығы үшін күрескен. Ол бұл күресін Екінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін де жалғастырған. Жат елдегі түркістандықтарды бір ұлттық орталық айналасына жинады. Ол серіктестерімен бірге 1950 жылдың 20-шы наурызында Германияның Мюнхень қаласында «Түрікелі – Түркістан Ұлт-Азаттық комитетін» құрған және оған өзі төраға болған. Сол жылдары Мюнхень қаласында Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен және Тәжік тілдерінде «Түрік елі» деген бір журнал шығарды. Бұл журналда 1950 жылдардың басында Пәкістанда, Кашмирде тұрған Шығыс Түркістандық босқын қазақтар туралы хабарлар және хаттар да жарияланған. Сондай-ақ, аталған журналдың 1951 жылғы бір санында Шығыс Түркістан қазақтары ұлт-азаттық күресінің өкілі Оспан Батырдың қазасы туралы арнайы хабарлама беріліп, бұл оқиғаға қатаң түрде наразылық білдірілген. Азаттық радиосының қазақша хабарларын дайындаушы болып қызмет еткен Асан Кайғин (Мавлекеш Кайбалдин) және Дәулет Керей Тағыберлі секілді қаламгерлер де «Түрік елі» журналының авторлары еді. Қарыс Қанатбай өзі тікелей қызмет атқармаса да «Азаттық радиосы» құрамында қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз және тәжік тілдерінде хабар тарататын «Түркістан Редакциясының» құрылуына мұрындық болған. Дәулет Керей Тағыберлі де Түркиядағы тегі жағынан Шығыс Түркістандық қазақтардың «Азаттық радиосына» жұмысқа тартылуына бір кісідей атсалысқан. Қарыс Қанатбай ағамыз 1981 жылы 70 жасқа толғанында бірге болып, жұртпен бірге тойлаған едік. Көп ұзамай 71 жасқа қараған шағында Мюнхеньде қайтыс болды. Зират басында сөз алған ұзақ жылдар Азаттық радиосында қызмет еткен Талғат Қосжігіт: «Қарыс Қанатбаймен 1966 жылы таныстым. Қарыс ағай кісілігі, идея-армандары, пікір-көзқарастары және патриоттық жағынан бөлек жаратылған адам еді. Өкінішке орай, Қарыс Қанатбай және серіктеріне Қазақстанда әлі қажетті баға беріліп, тиісті құрмет көрсетіліп отырған жоқ. Болашақта олар өз отандарында тиісті бағаға ие болып, халық білетін болады деп үміттенеміз»,-деді. Талғат Қосжігіт бұған қоса, Азаттық Радиосы, Түркістан редакциясының бас редакторы Асан Қайғин туралы да тоқтала кетті, кейін Қазақ редакциясының бас редакторы болған Дәулет Керей Тағыберліге де қатысты естеліктерінен үзінділер келтірді. Аталған еске алу шарасында Азаттық радиосы Қазақ редакциясында ұзақ жылдар бірге жұмыс атқарған қызметтесіміз Әлихан Жаналтай да сөз сөйледі. Жиналғандар осы зиратта жатқан қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен және қарашай сынды түркістандық түрік тектес ағайындардың рухына да дұға бағыштады. Шара соңында осындай игілікті жиынды өткізген Мюнхень Қазақ қоғамына алғысымызды білдірдік.

Абдулқаюм Кесижи
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір