• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 13:57:26
Алматы
+12°

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н. Дәулетова атындағы үлкен залында «Жас Алаш» республикалық, қоғамдық-саяси газетінің 100-жылдығына орай жарыққа шыққан «Қазақтың үні – «Жас Алаш» кітабының тұсаукесері өтті.

Жастар басылымының мерейтойына арналған іс-шараны қорытындылау аясында аталып өтілген басқосуда үнпарақта әр жылдары қызмет еткен журналистер тарапынан басылымның өткені туралы естеліктер тілге тиек етіліп, оның қазақ қоғамының қалыптасу жолындағы рөлі әңгіме өзегіне айналды.

«Жас Алаштың» алғылқы номері 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте жарық көрді. Оның тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаев болса, жауапты хатшысы Ілияс Жансүгіров еді.

Газеттің көршілес Өзбекстанда баспа бетін көруі де негізсіз  емес. Өткен ғасырдың 20-жылдары Ташкент Орта Азия мемлекеттерінің рухани астанасы болуына орай, сол кезде осы елдердегі жастардың басын біріктіретін одақ атауы түркі әлеміне орайластырылып, «Түркі әлемі комсомол жастар одағы» деп аталған. Осы «ТКЖО-ның» алға қойған жоспарларының орындалуына мұрындық болатын, қазақ жастарының үнпарағы сынды бір жастар басылымы қажеттігін айтып, бастама көтерген де Ғ. Мұратбаев болатын.

Алғашқы саны араб қарпінің төте жазуымен жарық көрген басылым қазақ жастарының намысын оятып, оларды рухани сауаттандыруға бағытталды. Десек те, солкездегі қаржы тапшылығына орай жабылудың аз-ақ алдында қалған газеттің атауы да   «Өртең, «Жас қазақ» (1923ж), «Лениншіл жас» (1924-25жж), «Жас қайрат» (1926-27жж.) болып сан мәрте өзгерді. Ол өзінің түпкі «Жас Алаш» атауын тек еліміз егемендікке қол жеткізген кезде ғана қайтарып алды.

Газет бетінде ұстаз-ғалым Б.Кенжебаев, қазақ детективінің атасы К.Тоқаев, ақын Ж.Молдағалиев, майдангер Б.Жандосайдың қолтаңбасы қалды. Ш. Мұртаза мен С. Бердіқұловтардың өзгеше редакторлық мектебі қалыптасты. 70-жылдары осы басылымнан қанаттанған А.Сейдімбек, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, О.Бөкей сынды қаламгерлер қазақ әдебиетіндегі дара тұлғаларға айналды.

80-жылдары газеттің таралымы 350 мыңға дейін жетті. 2000 жылы ең үздік газет атанып, «Алтын жұлдыз» белгісін иеленген, бүгінде 37-ші редактор Қайрат Мәтіреков жетекшілік ететін басылымның қазіргі таралымы 17000 болса, эл. нұсқадағы күнделікті қаралымы 18000. «Жас Алаштың» өз тілшілерімен бірге, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы меншікті тілшілері де оқырмандарды әр өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи өміріне қатысты тұщымды мақалаларымен сусындатып келеді.

Фото: Жас Алаш газетінің редакциясынан

Бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жаңғыртушы жастар газеті қашанда ұлттық мүддені жоғары қоятын турашылдығымен, әділдігімен ерекшеленеді. «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген, көлемі 37 баспа табақтан тұратын «Қазақтың үні – «Жас Алаш» кітабының құрастырушы-редакторы, журналист Арай Сахариева. «Жас Алаш»: Кеше», «Есімдері ел есінде», «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді», «Жас Алаш» – қазақ баспасөзінің қара шаңырағы», «Аймақ ажарын айшықтаған», «Жас Алаш»: Бүгін» атты алты бөлімнен тұратын жинаққа оның шығу тарихынан бастап, әр жылдары жарық көрген мақалалар мен басылымда қызмет еткен тілшілердің естеліктері топтастырылған.    

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір