Фото: GETTY IMAGES
Брюссельдегі НАТО саммитінде альянс елдерінің басшылары Ресейдің Украинаға басып кіруін, Украинаға көмек, әлемдегі қауіпсіздікті сақтау мәселелерін талқылады.
АҚШ президенті Джо Байден Ресейді "Үлкен жиырмалықтан" шығару бастамасын қолдап, Ресейді шығару мүмкін болмаса, "Үлкен жиырмалыққа" Украинаны шақыруға болатынын айтты.
Байден сөзінің көп бөлігі альянсты бірлікке шақыруға байланысты болды.
Ол Ресей президентін тоқтатуда санкцияның тиімділігіне иек артатынын жеткізді.
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон НАТО елдеріне Украинаны сапалы әрі қажетті мөлшердегі қарумен қамтамасыз ету қиын болатын айта отырып, Британия мен НАТО-дағы оның өзге одақтастары Украинаға қару жеткізуді жалғастыратынын мәлім етті. Ол Украина қарулы күштеріне өзге қарудан бөлек, 6000 зымыран жіберетінін айтты.
Сондай-ақ ол санкцияны күшейтуге шақырды.
– Бұл – тек бастамасы. Біз Путинге Украина жалғыз еместігін жеткізгіміз келеді. Біз Киев, Мариуполь, Львов және Донецк халқын қолдаймыз. Зеленский айтқандай, Украина халқы жеңуге тиіс, ал Путин жеңілуі керек, – деді ол.
Борис Джонсон Владимир Зеленскийдің танк пен ұшақ беру жөніндегі өтінішін НАТО-ға орындау логикалық түрде қиын екенін атап өтті.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг альянс күштері соғысқа қатысуды жоспарлап отырмағанын қайталады.
– Біз Украинаны дамыған ПРО жүйелерімен, танкке қарсы қарумен, оқ дәрі және жанармаймен қамтамасыз етеміз. Алайда НАТО күштері әуеде де, жерде де конфликтке қатыспайтынын анық айтқан жөн. Бұл шешім конфликт Украина аумағынан шығып кетпеуі үшін, бұдан да үлкен қайғыға душар етіп, өлім мен қирандыға соқтырмас үшін қабылданып отыр, – деді ол.
Саммитке бейнебайланыс арқылы қосылған Владимир Зеленский Ресей басқыншылығынан келген шығын мен залал туралы айтып, Еуропа елдерін Украинаны қолдауға біріккені үшін алғыс білдірді.
Алайда ол көмек сәл кеш келгенін айтып, "егер Еуропа санкцияларын ертерек қабылдағанда бәлкім, Ресей соғысқа бармайтын ба еді" деді.
Сондай-ақ ол Украинаның Еуроодаққа қосылу туралы өтінішін қабылдауды өтінді.
Зеленский үндеуінде Еуропа одағына кіретін кей елдердің көмектесу үшін көп нәрсе істеп жатпағанын немесе мүлде үнсіз отырғанын сынады.
Ол Украинаға көмек үшін Польшаны, Эстония, Чехия және Италияны мақтады. Францияға президентіне "біз үшін тұра алатыныңа сенемін" десе, Швецияға қарата сөйлегенде туларындағы түстердің ұқсастығын меңзеп "сарылар мен көктер әрқашан бірге болуға тиіс" деді.
Германия, Португалия, Ирландияның кеш қабылдаған шаралары мен құлықсыздығына назар аударып, Венгрияның бейтараптығын сынады.
Дерекккөз: ВВС
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір