• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:12:42
Алматы
+12°

2019 жылы бір түнде 20 бас сиырын ұрлап кеткен Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының тұрғыны Әлеш Азданханұлы ұрланған сиырларының бірі жақында қорасын тауып келгенін айтады. Ірі қаралары да, ұрлықшылар да табылады дегеннен күдер үзген ақсақал енді ұрлық ісін қайта ашып, тергеуді жалғастыруға айғақ пайда болды деп отыр.

2020 жылғы 5 қазанда "Қамшы" редакциясына Әлеш Азданханұлының келіншегі Камаш Нұрданбектің хаты шыққан. Ол жерде жоғалған жиырма бас сиырды іздеуге жергілікті полиция қызметкерлері құлық танытпай отырғаны, тергеу барысында қисынға келмейтін, күдік ұялататын жағдайлар болғаны айтылады. Қамшы редакциясы Алматы облысының әкіміне ресми сауал жолдап, іс тиісті органдарға жүктелді дегенге саятын жауап алған. Алайда қолды болған мал табылмаған.

Енді міне, ұрланған сиырдың бірі қорасына өз аяғымен келіп отыр. Әлеш Азданханұлы қорасының маңында сиыры мөңіреп тұрғанын таң атқанда көріп, құнажын кезінде қолды болған сиырды жазбай таниды. Оның үстіне өзі салған ен мен таңба да тұр.

Фото: Әлеш Азданханұлы

Фото: Әлеш Азданханұлы

Кезіндегі ұрлықтың ізіне түсіріп қала ма деп, ауылдық Whatsapp топқа қорасына бөтен мал келіп тұрғанын жазады. Ұзамай Жандос есімді ауылдасы "сиырдың иесі мен" деп келеді. Оған мән-жайды түсіндіреді. Әңгімелесу барысында Жандос сиырды Кәдірбек деген ауылдасынан сатып алғаны анықталады. Әлеш Азданханұлы ауылдасы Кәдірбекпен сөйлескенінде ол сиырды өзімдікі деп болмайды. Әлеш ақсақал "мал менікі" дейді. Әлеш Азданханұлы "ұзамай жанжалға Кәдірбектің қызы араласып, сиыр өздерінікі емес дегеннен кейін ғана Кәдірбек ірі қараны ауыл маңындағы фазендадан сатып алғанын айтты" дейді. Әлеш Азданханұлының сөзінше, фазендадағылар біресе мал біздікі емес, біресе біздікі деп екі сөйлейді.

Жоқ іздеген ақсақал Кәдірбек пен фазендадағылардың ым-жымы бір ма деп күдіктенеді. Енді полицияға шағым түсіріп, ұрлық ісін тергеуді қайта жандандырғысы келеді. Бірақ көкейінде қылмыстық істі кезіндегідей жылы жауып қоя сала ма деген қорқынышы тағы бар.

Әлеш Азданханұлы Қызылағаш ауылында мал ұрлығы өршіп тұрғанын, ұрлықшылар талай елді қан қақсатып, көп жағдайда табылмайтынын айтады. Полицияда ұрлықшыларды қорғап, ісін жауып отыратын қамқоршысы болуы мүмкін деген ойы да жоқ емес.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: мал ұрлығы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір