16 Маусым, 2022 NEWS
Фото: Азаттық
Бас прокуратура қызды еркінен тыс алып қашудың ауыр қылмыс екенін хабарлады.
"Қыз алып қашу – салт-дәстүр ме, қылмыс па, мұны ажыратудың бір жолы бар, ол – қалыңдықтың келісім беруі және алып қашқан адамдардың осындай келісімнің барын түсінуі. Басқаша айтқанда, келісім бермеген қызды еркінен тыс алып қашса, күштеп ұстап, басқа жерге апарса, алып қашқандар осы мән-жайды білсе – бұл ауыр қылмыс саналады. Қылмыстық кодекстің 125-бабы – адам ұрлау бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер кәмелетке толмаған қызды ұрласа, бұл жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді", деп мәлім етті Бас прокуратура.
Қыз алып қашқан адамдар үшін ең қатаң жаза – 15 жылға бас бостандығынан айыру. Топ болып алып қашқан жағдайда және жәбірленуші қызды абайсызда өлтіріп алу немесе басқа да ауыр жайттар болған кезде осындай ауыр жаза қолданылады.
"Егер сізді алып қашса немесе көз алдыңызда осындай жағдай болса, дереу 102 қызметіне қоңырау шалыңыз. Полицияға мүмкіндігінше көліктің маркасы, түсі, нөмірі, алып қашқандардың түр-әлпеті, киімі секілді ерекше белгілерді хабарлаңыз. Бұл жағдайда жай ғана куәгер болсаңыз да, арыз жазылмаса да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталады. Егер ұрлаған адам жәбірленушіні босатса және оның әрекетінде қылмыстық құрам болмаса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады" делінген хабарламада.
Қазақстанда заң бойынша неке жасы – 18 болып бекітілген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір