• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Қараша, 01:29:56
Алматы
+12°

Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Телеарна мердігер рсының өзінде істің қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған дейді.

 

– Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта біздің Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз осы жерде Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астаң-кестеңі шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

 

Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді, дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілген. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген.

Алайда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сүрілген үй Байтұрсынов туған үй емес деп отыр.

 

– Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біз оны былайша айтқан кезде Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды, – дейді ол.

 

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев жоба бойынша 149 шаршы метр тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

Ақкөл ауылының тұрғыны Кәдіржан ендігі салатын адам дұрыстап салса екен дейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір