18 Маусым, 2022 NEWS
Фото: Видеодан скриншот
Кәсіпкер, "PARYZ" президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдық мерейтойына қатысып, бүгінгі күрделі геосаяси ахуалдағы кәсіпкерлердің мәселесі туралы айтты.
Жұмабек Жанықұлов Қазақстан жағдайында өсімнің жаңа нүктелерін табу мәселесі аса өзекті болып отырғанын атап өтті. Сөзінше, бизнес туындаған қиындықтар туралы халықаралық алаңдарда айтудан қысылмауы керек. Осы орайда маман ресейлік, қазақстандық кәсіпкерлерді қосалқы санкция толқынына ілініп кетпеудің жайы толғандыратынын, бағдарсыздық орнап тұрғандықтан нақты шешім қабылдауы қиын болып отырғанын жеткізді.
– Қазір қазақстандық орта және ірі кәсіпкерлерге шетелден құрал-жабдық алдырарда "мүмкін сендер оны Ресейге жеткізейін деп жатқан шығарсыңдар" деген күдікпен бас тартып жататын немесе жеткізу мерзімін созылып жағдайлар кездеседі. Осылайша, қазақстандық бизнес қаласын, қаламасын қосалқы санкцияға ілініп кетіп жатыр. Осы мәселені Женевада талқыладық. Қосалқы санкцияға ілініп кетпеу жолдарын ұсындық. Қазір анау болмай қалса ше, мынаған рұхсат бермей қойса қайтеміз деген қаңқу сөз деңгейінде жүрміз. Біз осыны талқылаған кезде, шетелден құрал-жабдық пен шикізат сатып алып, өнім өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды алыс елдерге, соның ішінде Ресейге сатуға рұхсат беру мәселесін көтердік. Екінші проблема – логистика. Барлық Орта азия елдері мұхитқа тек Ресей арқылы шыға алады. Ал қазір Еуропа тарапынан да, Ресей тарапынан да белгілі бір шектеулер бар. Логистика басты драйвер екенін түсіне отырып, мәселені шешу үшін осылай қорықпай талқылап, бизнеске серпіліс беру жағын қарастыру қажет. Жаңа нәрсені шығаруға ынталандыру керек. Қазақстан бизнес қауымдастығының атынан, барлық кәсіпкерлерге Қазақстанда бүгінгі жағдайда жаңа нәрсені шығаруға, шикізат, құрал-жабдық сатып алуға, өнімді экспорттауға бірегей мүмкіндік барын айтқым келеді, – деген ол саяси ахуал қандай болмасын бизнес өніп-өркендеуі керектігін атап өтті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір