• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:39:29
Алматы
+12°

Бүгін бір топ қоғам белсенділері сайлау туралы заңға енгізу көзделіп отырған өзгерістер жобасына наразылық білдіріп баспасөз конференциясын өткізді. Сайлауды Орталық сайлау комиссиясының  аккредитациясынан өткен, соңғы бір жылда шетелден қаржы алмаған ұйымдарға ғана бақылауға мүмкіндік беретін жобаны қоғамдық талқылау бүгін аяқталады. Қоғам белсенділері президент Қасым-Жомарт Тоқаевты заң жобасына қол қоймауға шақырды. 

– Назарбаев пен оның жолдастары 30 жыл бойы халықтың дауысын ұрлады. Бір рет те әділ сайлау болған жоқ. Соңғы рет қашан әділ сайлау өтіп еді? Тоқаев президент атанғанына 3 жыл болды. Алайда бүгінге дейін демократиялық бетбұрыс болған жоқ. Ендігі заң қабылданатын болса, жағдай тіптен нашарлайды. Мына қаңтар оқиғасынан кейін билік дұрыстап ойлануы керек. Әйтпесе тағы да қаңтар оқиғасы қайталанса биліктің түгі қалмайды. Билік ұсыныстарымызды ескермейтін болса, халыққа үндеу жасайтын боламыз. Дауысты ұрлап, халықты алдауды тоқтату керек, – дейді жиынға қатысқан саясаткер Балташ Тұрсымбаев. 

"Тәуелсіз бақылаушылар" бірлестігінің жетекшісі Арайлым Назар тәуелсіз бақылаушыларды аккредитациядан өткізбейтін болса, сайлау әділ өтпейтінін айтады. 

– Аккредитация алу қаншалықты қажет? Бақылаушыларды аккредитациядан өткізу дегеніміз сайлау әділ өтпейтінін білдіреді. Әділет министрлігінің заң жобасында бірнеше әділетсіздіктер бар. Мысалы, осы заң жобасы арқылы тәуелсіз бақылаушыларға сайлау кезінде түсірген фото, видеоны жариялауға кедергі жасамақшы. Бұдан бөлек, бақылаушылар жалақысы, банк шоттарына қатысты ақпарат беруі керек екен. Алайда ОСК бюджеттен сайлауға бөлінген ақшаны қалай жұмсағанын мемлекеттік сатып алу порталынан көре алмаймыз. Бұл – әділетсіздік. Заң бәріне ортақ болуы тиіс, – деді Арайлым Назар. 

Ал саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы заң жобасын биліктің ыңғайына қарай жасалған деп сынады. Оның айтуынша, бұл – Тоқаевтың алдағы сайлауға жасаған дайындығы. 

– Бұл заң жобасы мүлдем талқыланбауы керек. Талқылаудан алынып тасталуы тиіс. Егер бұл заң жобасы қабылданса, Тоқаевтың екіжүзділік танытып отырғанын білдіреді. Ол осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп, бұл заң жобасын қабылдау демократияға қарсы келетінін ашық түрде айтуы керек. Әйтпесе, Тоқаев алдағы сайлауға қам жасап отырғаны. Әділ сайлау өткізетін болса, сүрінетінін білгендіктен осындай әрекетке баруда, – дейді Рысбек Сәрсенбайұлы. 

Азаматтық белсенді, заңгер Әлнұр Ильяшев билікті диалог орнатуға шақырса, Ермұрат Бапи заң жобасы парламентке жіберілсе, қарсылық акциясын өткізу керегін айтты. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір