Фото: Инга Иманбайдың facebook парақшасынан
Саяси тұтқындар мен Қаңтар оқиғасы құрбандарына қолдау көрсету үшін құрылған қоғамдық "Араша" комитеті азаматтық белсенді, тіркелмеген Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі "Жанболат Мамайдың ісіндегі тергеушілердің заңсыз тәсілдері туралы" мәлімдеме жариялады. Мәлімдеме мәтінін белсендінің зайыбы, журналист, құқыққорғаушы Инга Иманбай өзінің facebook парақшасында жариялады.
Мәлімдемеде комитетке қаңтар оқиғасына қатысты істерді тергейтін ведомствоаралық тергеу-оперативті топ тергеліп жатқандарды Жанболат Мамайға қарсы куәлік беруге мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпарат жеткені айтылады. Комитет ақпарат расталса, онда бұл әрекетті қамауда отырғандар құқығын өрескел бұзу фактісі ретінде бағалауға болады деп санайды.
"Бұл ақпаратқа сенер болсақ, қамалғандарға процесуалдық келісімге келуді ұсына отырып, егер олар Ж. Мамайға жала жапса, оларды босатып жіберетіндерін, ал келіспесе, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытатын көрінеді. Бұл ақпарат расталып жатса, бұны Ж.Мамайдың және өздерін жалған куәлік беруге, яғни, қылмысқа мәжбүрлеп жатқан, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қамауда отырған басқа да жандардың құқыларын бұзатын өрескел факті деп санаймыз. Бұл ақпарат бойынша, тергеушілерге ресми емес ол бұйрықты ведомство аралық тергеу-оперативті топтың жетекшісі К. Күнғожинов берген көрінеді. Мұның бәрі Ж. Мамайға қарсы істің саяси астары бар екенін білдіріп, оның өзіне таңып отырған істерге қатысы бар деген дәлелдерге күмән келтіреді. Өйткені, басқаша болса, тергеушілер бөгде адамдарды оған жала жабуға мәжбүрлемеген болар еді" делінген комитет мәлімдемесінде.
Сондай-ақ мәлімдемеде ақпарат расталып жатқан жағдайда, онда қаңтар оқиғасы бойынша өтіп жатқан, әсіресе, саяси оппозиция мен азаматтық белсенділерге қатысты тергеулер белгілі бір саяси мақсатпен, заңсыз тергеу амалдарын қолдана отырып жүріп жатқанын көрсететіні айтылады.
"Осы мәлімдемеміз арқылы біз тек қоғамға ғана үндеу тастап отырған жоқпыз. Сондай-ақ, қысым жасалып жатқандарға да, тарихта еш нәрсенің де – сатқындық та, өтірік те – ұмытылмайтынын ескерте отырып, олардың өздерін де, қорғаушылары мен туыстарын да мұндай тергеушілердің жетегінде кетпеуге шақырамыз. Біз бұл ақпараттың жіті тексерілуін, ал ол расталып жатса, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз. Ал, өз тарапымыздан, осы сияқты қандай да бір іс-әрекетті жариялап, қоғамның назарын аударып отыратынымыз туралы мәлімдейміз" дейді комитеттегілер.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір