• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:12:07
Алматы
+12°

«AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық бәйге-додасы өз мәресіне жетті. Астана төрінен аттанған шабандоздар Қазақстанның киелі жерлерін аралап, Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты жүріп өтті, дееп хабарлады «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.

Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен жүздескен кезде осы бәйгенің мәні мен маңызына айрықша тоқталып, «Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені», деген болатын.

Бүгін «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов бәйге жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты рәсімге қатысты.

«Азамат пен арғымаққа сын болған айтулы аламан, «Ұлы дала жорығы» өз мәресіне жетті. Сарыарқа төрінен президентіміздің құттықтау сөзімен басталған бәйге түркінің алтын бесігі Түркістанда аяқталып отыр! Жаһанданудың жылқыдан басталғанын, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен шыққанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Оған энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысы дәлел. Енді осыны жаһанға паш етіп, қазақ қазанатының мықтылығын, атқа қонған азаматының ерлігін көрсеткен жоба жылдан-жылға жалғасын таба берсін. Барша қатысушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін!», – деді Асхат Оралов.

Бәйге қатысушыларына арнаған сөзінде атқарушы хатшы «AMANAT» партиясы ұлттық спортты, соның ішінде ат спортын дамытуға алдағы уақытта да айрықша атсалысатынын атап өтті.

Мың шақырымнан астам жол жүріп өткен шабандаоздарды Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қарсы алды.

«Міне, баршамыз Ұлы даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз! Бұл – бұрын-соңды болмаған бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар», – деді Дәурен Абаев.

Он екі күнге созылған жарыс қорытындысында киелі шаһарға бірінші болып жеткен Маңғыстау облысының командасы «Ұлы дала сарбазы» атағымен марапатталады.

Фото:  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Ал жүлделі 2-ші орынды Жетісу өңірінің шабандоздары қанжығаласа, 3-ші орынды Түркістан облысының командасы иеленді. 4-ші болып мәре сызығын Жамбыл облысының шабандоздары кесіп өтті. Барлық жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақы табысталды.

Фото:  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«Бүгін біз қазақ руханияты мен спорты үшін аса маңызды жиында бас қосып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны қасиетті қаламызда мәресіне жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Екі аптадай үздіксіз жортып, қиындықтарға мойымаған шабандоздарға айрықша алғыс айтамын. Өйткені біздің атбегілеріміз бен шабандоздарымыз 1200 шақырымды басып өтіп, ерлік жасап отыр. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін», – деді Дархан Сатыбалды.

Естеріңізге сала кетейік, тұңғыш республикалық бәйге-додасы 18 қыркүйекте бастау алып, 19 команданың 100-ден астам шабандозы атқа қонған болатын. Яғни, еліміздің әр өңірінен додаға 1 командадан қатысты. Бәйге 100 шақырымдық 12 сатыға бөлініп, оған қатысушылар еліміздегі киелі жерлерге ат басын бұрып, тарихи орындарға зиярат етті. Алайда қатысушылардың басым бөлігі бәйгенің ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып қалды.

Фото:  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Фото:  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Бәйге барысында барлық қатысушылар демалыс орынымен, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ұлы дүбір Түркістан қаласында түйінделді.

Фото:  «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір