• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 13:12:16
Алматы
+12°
Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деген айыппен 15 тәулікке қамалған тәуелсіз журналист, Ne Deidi youtube жобасының авторы Думан Мұхаммедкәрімге әлеуметтік желіде қолдау көрсетіп жатқандар саны сәт сайын артып келеді.
 
Журналистің бостандығын талап еткендер арасында оның әріптестері, белсенділер және құқыққорғаушылар бар.
 
Журналисті қолдаушылар сондай-ақ жұртшылықты Ne Deidi youtube арнасына жазылып, арна жазылушыларының санын 1 миллионға жеткізуге атсалысуға шақырып жатыр.
 
Думан Мұхаммедкәрім кеше күндізгі уақытта үйіне Алматы облысы Өтеген батыр ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері келіп, шақыру қағазын бергенін хабарлаған.
 
 
Журналист жариялаған келесі видеода адвокаты Ғалым Нұрпейісов екеуі полиция басқармасына баратынын айтады. Ғалым Нұрпейісов аталған айып бойынша  журналисті 15 тәулікке қамауы мүмкін екенін, осылайша оны аузына қақапақ болуға тырысып отырғанын жеткізген.
 
 
Кеше кешке полиция шақыруы бойынша барған Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 488 бабы 7-тармағы (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұзды) бойынша айыпты деп тауып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды. Ғалым Нұрпейісов қаулыға шағым түсіретінін мәлім етті.
 
Думан Мұхаммедкәрім өткен аптада азаматтарды мерзімінен бұрын өткелі жатқан президент сайлауына наразылық білдіріп, Алматының орталық алаңына митингке шығуға шақырған.
 
Журналист Ne Deidi youtube жобасы арқылы қаңтар оқиғасының құрбандары, азаптауға ұшыраған азаматтар туралы ақпараттар, бейбіт жиындардан репортаждар, саясаткерлермен, белсенділермен сұхбаттар жасап келеді. Бүгінде арнаның 130 мыңға жуық жазылушысы бар. Журналист қызметін донат жүйесімен, яғни жазылушылары аударған қаражат есебінен жүзеге асырады. Соның өтемі ретінде аудиториясына шынайы ақпарат, бүкпесіз әңгіме ұсынып, қоғамдық-саяси оқиғалар туралы ұстанымын ашық жеткізеді. Билікке базына, талап-тілек айтам деушілерге де мінбер болып жүр.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір