20 Қазан, 2022 NEWS
Фото: caravan.kz
Журналист Айбар Олжаев "орыс тілінде сөйлегендерге қазақша жауап беру төменгі мәдениет көрінісі" деген "ChocoFamily" компаниялар тобының басшысы Рамиль Мухоряповтың үстінен арыз жазды. Журналист кәсіпкердің желіге тарап кеткен репликасына құзырлы орган тексеру жүргізіп, сараптама тағайындауы керек деп санайды.
"Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді. Егер Мухоряповтың қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шықса, ол қандай жазаға тартылуы мүмкін? Мұндағы ең минималды жаза – 2 мың айлық есептік көрсеткіш. Қазір бір АЕК – 3063 теңге. Демек, ChocoFamily басшысының ең жеңіл жазасы – 6 126 000 теңге айыппұл болуы мүмкін. Бірақ тек мүмкін деп тұрмын. Себебі мәселені құзырлы органдар мен сот қана шешеді", деп жазды Айбар Олжаев facebook парақшасында.
Әлеуметтік желіде "ChocoFamily" компаниялар тобының басшысы Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде айтқан сөзі қызу талқыға түсіп, қазақтілді аудиторияның наразылығына тап болып жатыр. Кәсіпкер кездесуде "орыс тілінде сөйлегендерге қазақша жауап беру төменгі мәдениет көрінісі" деген. Оның бұл мәлімдемесі біраз азаматтардың ашуына тиіп, наразылығын тудырған. Кей азаматтар кәсіпкер иелік ететін "ChocoFamily" компанияларың өнімдеріне бойкот жариялауға, өнімдерін тұтынбауға үндеген.
Қазақтілді аудиторияның наразылығынан кейін кәсіпкер бүгін айтқан сөздерін түсіндіруге тырысты.
"Егер орыс тілін біліп, бірақ өзіңнің басымдығыңды көрсету үшін қазақ тілінде жауап беру дұрыс емес деп ойлаймын. Мұндай адамдардың бойында қазақтың қонақжайлылығы жоқ. Мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан – менің Отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінбегенін қаламаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын", деп жазды кәсіпкер.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір