• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 08:15:54
Алматы
+12°

Бүгінде екі үйдің бірінің баласы түрлі-түсті киімдегі Чики, Ча-Ча, Бум-Бум, ЛяЛя атты кейіпкерлерді біледі десек, артық айтқандық болмас. Олардың ырғақты әндерінің қаралымы бірнеше миллиардтан асып кеткен. Көңілді төрттіктегі кей жігіттердің жүзі әсіресе қазақ аудиториясына таныс сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені балалар контентімен әлемді бағындырып жатқан шығармашылық ұжым қырғыз елінің өкілдері. 28 қазан – халықаралық анимация күнінде миллиондаған балдырған күнде көретін көңілді видеолардың авторы D Billions командасы туралы ақпарат ұсынамыз.

D Billions – балалар әндерін орындайтын музыкалық топ. Команданың негізін салушы Эрнис Үметалиев есімді қырғыз музыканты. Музыкалық топтың қырғыз, ағылшын, орыс, испан, француз, португал, араб, индонезия сияқты сегіз тілде контент тарататын он YouTube арнасы бар. Негізгі D Billions деп аталатын арнаның жазылушылары бүгінде 22 миллионға таяп қалған. Ал каналдағы жалпы қаралым 25 миллиардқа жуықтайды.

D Billions бриллиант батырмаға ие Орта Азиядағы жалғыз Youtube канал. Ал видеолардағы әндер Spotify, Amazon, iTunes, Apple Music, Deezer, Yandex, Музыка, Вконтакте секілді ән сатып алу платформаларына жүктеліп отырады.

D Billions жас көрерменді әндеріндегі көңілді мотивпен, балалар аудиториясына бейімделген қарапайым мәтіндермен жаулап алды. Кейіпкерлері алфавит әріптері туралы айтады, ағылшын сөздерін үйретеді, бүлдіршіндерге қайталау оңай би қимылдарын көрсетеді. Кейіпкерлердің образы жарқын, түс үйлесіміне, түстің визуал ықпалына қатты мән берілген.

Топ танымалдыққа ие бола бастағанда олардың кім екенін білгісі келетіндер саны көбейді. Олардың бірі филипиндіктерге, бірі қытайларға, енді бірі орта азиялықтарға ұқсатып жатты.

Тек 2021 жылдың ақпанында арнаға қырғыз тілінде бірнеше бейнероликтер шығарылғаннан кейін D Billions қатысушылары жас қырғызстандықтар екені туралы ақпарат шықты.

Топ құрамы Чики (Chicks), Ча-Ча (Cha-Cha), Бум-Бум (Boom-Boom) және Ляля (LyaLya) бүркеншік аттарымен өнер көрсететін 4 адамнан тұрады. Чики есімді сарышашты кейіпкер әлеуметтік желіде Saree Shake деген никпен белгілі. Видеоларды әлеуметтік желіде ілгерілетумен айналысады. Ча-Ча деп аталатын көк шашты кейіпкердің рөлін танымал қырғыз музыканты Аско Анарқұлов ойнайды. Қызыл шашты Бум-Бумның рөлін Johnny деген сахналық есіммен танымал тағы бір музыкант Жәнібек Жеңісбеков сомдайды. Лилидің рөліндегі актер қыздың есімі Дарина Векуа.

Команданың негізін салушы 15 жылдан астам уақыт қырғыз шоу бизнесінде еңбек еткен музыкант Эрнис Үметалиев. Ол ВВС-дің қырғыз қызметіне берген сұхбатында елде шоу бизнеске қарағанда, той бизнес кең етек жайғанын, тойдан шаршап, басқа нәрсемен айналысқысы келгенін айтады. Өнер арқылы Қырғызстан атын шығаруды армандағанын атап өтеді. Сөйтіп жүргенде қырғыз елінде Youtube көп қарала бастап, сол жақта бағын сынап көрген. Алайда Youtube-та авторлық контенттер ғана шығатындықтан, әрі соларға ғана ақша төленетіндіктен, шығармашылық ұжымға көп ізденуге тура келген. Ақыры балалар контентіне келіп тоқтап, біртіндеп видео түсіріп, тарата бастаған. Алғашқыда әлеуметтік желі заңдылықтарын білмегендіктен Youtube видеоларды бұғаттап, өшіріп тастап отырған. Ізденіп, стратегия құрып, маркетинг жасап, видеоларды тарату тәсілдерін меңгерген соң балалар контенті өз аудиториясын тапқан.

Эрнис Үметалиев D Billions-тың жетістік сырын білікті командамен байланыстырады. Видеода төрт кейіпкер ғана көрінгенімен, оның артында тұтас ұжым еңбегі жатыр. Дайын видео жиырма күнге созылатын үлкен процестен тұрады. Алдымен ән жазылып, соған сценарий құрылады. Келесі кезеңде өніммен қоюшы режиссерлер жұмыс істеп, анимация бөліміне тапсырады. Анимация дайын болған соң, қайтадан дыбыс жазылады. Осылайша айына 15-20 ролик дайындалады. Команда санға емес, сапаға жұмыс істеген дұрыс дейді. Тренд соңынан қуғанша, өзің тренд болатын дүние жаса деген де Эрнис Үметалиев ұстанған бас қағидалардың бірі.

Эрнис Үметалиев роликтерді жасауда әлеуметтік жауапкершілікті ескере отырып видео бала үшін танымдық болуына баса мән беретінін айтады. Бұл талпыныс сәтсіз емес. Миллиондаған баланың ана-анасы бүлдіршіні сандарды, әріптерді, ағылшын сөздерін үйреніп жатқанын коментарийге жазып, жылы пікірлерін қалдырған.

Команда қырғыз элементтері бар видеоларды ағылшын тілінде ұсынып, сол арқылы ел имиджіне оң ықпал етуді де жоспарлайды.

D Billions мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта 50 миллион, 100 миллион жазылушыларға қол жеткізуге ниетті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір