Қазақстандық журналист Данияр Молдабеков Еurasianet тәуелсіз басылымында шыққан мақаласында бүгінде қазақстандықтардың кейбір шешімдері Ресейдің Украинағы басып кіруінің ықпалымен қабылданатынын, соғыс орыстілділерді қазақ тілін үйренуге итермелеп жатқанын айтты.
Журналист қазақ тіліне бет бұра бастағандардың бірі Алматыдағы Вознесенск федералдық шіркеуінің әкейі 36 жастағы Иаков Воронстовпен тілдескен.
Иаков Воронстов мектеп пен жоғары оқу орнында қазақ тілін оқығанымен, күнделікті өмірде қажеті болмайды деп ойлағанын, алайда Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпан бәрін өзгерткенін айтады.
– 24 ақпан қатты соққы болды. Ұлты орыс, орыс әдебиетін жақсы біліп, орыс филасофиясынан төрт жыл семинар жүргізген адам ретінде философиялық мифтер мен империялық фантазияның қаупін сезінетінмін. Құбыжық орыс дүниетанымының терең қатпарында бұғып жатыпты. Енді ол формаға ие болды. Мен бұдан өзім мен отаным Қазақстан үшін қауіпті көріп тұрмын, – деген ол шовинизм мен милитаризм сипаты бар орыс әдебиетінен бас тартуға шешім қабылдап, қазақша үйренуді қолға алғанын жеткізген.
Қазіргі уақытта Иаков әкей Facebook парақшасында библия үзінділерін, ондағы өлеңдерді қазақша жариялап, өз бетінше қазақ тілін үйреніп жүр.
Журналист Украинада соғыс басталғалы қазақ тілін үйренушілер саны артқанын дәйектеу үшін қазақ тілі мен мәдениетін дамыту, танымал етуді көздейтін Instagram желісінде Qazaq Grammar деген атпен құрылған парақша соғыс басталғалы жаңа 5 мың жазылушымен толыққанын атап өткен.
Бұдан бөлек Украинадағы соғысты айыптап бейнеүндеу жолдаған Ақмола облысында туған этникалық орыс Алексей Скалозубовтың кейсін келтіреді.
Алексей бейнеүндеуде отаны Қазақстан екенін, Ресей басқыншылығын айыптайтынын айтып, Қазақстандағы өзге орыстарды да ұстанымын білдіруге шақырады. Артынша Алматыға көшіп келіп, қазақша үйрену үшін қазақша сөйлейтіндер ортасын құру ниетімен арнайы клуб құрған. Бүгінде клубқа 300-дей адам мүше атанып, "Батыл бол" деген атпен жұмыс істеп жатыр. Оған қазақша білмейтін түрлі ұлт өкілдері келеді. Арасында қазақша білмейтін қазақтар да аз емес.
Алексей Скалозубов клубқа қосылушы жаңа мүшелердің басым көпшілігі бүгінде ресейліктерді құрап отырғанын жеткізді. Олардың бірі Дағыстаннан келген Асқар есімді жігіт. Ол өзі үшін тұратын елдің тілін білу маңызды екенін, қазақша кемі амандасып, адамдармен сөйлесе алатындай деңгейде үйренгісі келетіннін айтады.
Пікір қалдыру
пікір