• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:46:58
Алматы
+12°
Қазіргі кезде тұмау, ЖРВИ өршіп тұр. Ересектер арасында әрбір 10-шы адам ауырса, балалар арасында әрбір 3-ші бала ауырады. Бұл уақытта балалардың ауырғанына ата-аналар көңіл бөлу керек. Аурудың 80% жеңіл түрде өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Астана медицина университеті" АҚ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева мәлім етті.
 
"Бұған қарамастан бірінші күннен бастап баламен бірге ата-анасы үйде қалуы керек. Оны мектепке және т.б. жерлерге апармау қажет. Себебі ол балабақшада, мектепте ауруды басқаларға жұқтыруы немесе оны асқындырып алуы мүмкін. Тұмаудың қауіпті клиникалық көріністері: температура көтеріліп, түспесе, жөтел пайда болса. Сондай-ақ құсу, бас ауруы, температура жоғары болса, бұл мидың зақымдануының белгісі болуы ықтимал. Сондықтан бұл жағдайда баланы дәрігерге көрсеткен жөн. Баланың дауысы өзгеріп, қарлығып кетсе, ентікпе болса, ол да қауіпті. Балаға неғұрлым ертерек көңіл бөлсеңіз, ол соғұрлым тез жазылады" дейді маман.
 
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанованың мәліметінше, 1 қазаннан бастап ел бойынша 1 млн 27 мың ЖРВИ жағдайы тіркелген.
"Жыл сайын қазаннан бастап сәуірге дейінгі аралықта жіті респираторлық-вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттану маусымы басталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штаммы өзекті болады –  A(H1N1), A(H3N2) және B, олар 2022/2023 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына енгізілген" дейді ол.
 
Марал Рақымжанова қазіргі тұмау кенеттен басталып, температура күрт жоғарылайтынын айтады.
 
"Дененің айқын интоксикациясы байқалады, қалтырау, адинамия, бұлшықеттің және бастың ауыруы, дененің сырқырауы сияқты белгілері болады. Кез келген басқа вирустық инфекция кезінде әдетте катаральдық белгілер басым болады, содан кейін осы катаральдық белгілермен бірге температура пайда болады. Адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық бөлмелерге баруды шектеу, бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейту, қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану, науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау, ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу керек. Сондай-ақ медициналық көмекке уақытылы жүгіну керек" деді маман.
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ЖРВИ тұмау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір