• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 11:05:34
+7°

30 қарашада сағат 18:00-де Алматы қаласындағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Мағиса Құнапияқызының "Өлең – сөздің патшасы" атты жыр кеші өтеді. 

ьзьз

Мағиса Құнапияқызы – 1972 жылы 15 мамырда Алтай аймағы Буыршын ауданы Шұңқыр ауылында дүниеге келген. Қытайдағы «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері. Ақынның «Қызыл шолпы», «Ай жүзіне көп қарап», «Қызыл қайың» атты жыр жинақтары жарық көрген.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі ақынның бірқатар өлеңін оқырман назарына ұсынады. 

Сөз аулаған күн

Қадалдым неге жалғыз нүктеге,
Сүңгі-мұз кірпік, көз жаурап.
Үйлесім таппай мынау тірліктен,
Кеңістікте ұшқан сөзді аулап.

Шақшадай баста зымыран ойлар
Табаным жерді мекендеп.
Тізбегін сөздің аңдумен өт­тім,
«Тұсымнан қашан өтер?» деп…

Сан соқтырады сиқыр сөз-әлем,
Аңғал жандарға тек біздей.
Жалған сәулеге көз арбалғанда,
Өт­ті де кет­ті жеткізбей!

Көл бетінен де жылылық іздеп,
Айды да көктен қызықтап.
Қос мекенді өмір кешкеннен соң ба,
Алаң-салаңмын, ұмытшақ.

Жүректі шаншыр сезімдерім көп,
Жай таппас жыр боп тынғанша.
Сиқырлы Сөзді зарыға күтіп,
Құсұйқы болған түн қанша?!

Шат­тыққа шомам сөз аулаған күн,
Бөліспей қалай іркемін?!
Кестелі жырмен
Жылаған жүрек
Көз жасын еппен сүртемін!

Менің әкем

Менің әкем – жерде емес, көктегі адам,
(Бір-ақ түнде көкке ұшып кеткен адам).
Бір адамға «Әй, сен!» деп сөйлеместен,
Ренжітпей ешкімді өткен адам

Өріс қандай, ол кезгі қоныс қандай!
Ай да біздің төбеде толысқандай.
Будақтаған ауылдың түтіні де,
«Сағынарсың бізді әлі…» деп ұшқандай!

Сыбызғыдан бір әуен есілмес құр,
Болды ақыры жетпес ой, шешілмес сыр.
Сонан бері аспанға аңтарылтып,
Көрінбеді, амал не, отыз бес жыл!

Көлбеңдейді маңымда көбік адам.
Тиянақсыз көрінер көбі маған.
Сағыныштың моншағын көзге тізіп,
Кей сәт­тері абайсыз төгіп алам.

Бұл ғұмырдың алды – шу, арты қандай?
Сабырымды сағыныш сарқығандай.
Ажал неге болмаған әділет­ті,
Келісімге келетін, тартып алмай….

Балалығым шашылды…
жинағам жоқ.
Теріп алып біреуге сыйлағам жоқ.
Тастап кете алмаймын, ит өмірді,
Ұл мен қызым сағынып, қиналар деп…

Көздің нұры көп күтіп селдіреді,
Қарашығым ағарды, мөлдір еді…
Мінезі де ,түрі де аумайтұғын,
«Әкесінің қызы» едім, ел біледі….

Күз дегенің…

Жерге түскен жемістер, солған гүлім.
Айтып жатыр бір мезгіл болғандығын.
Көңілшектеу жапырақ тез сарғайып,
Сабырлысы сездірмес тоңғандығын.

Жиі-жиі бұлт бізге жуықтайды.
Көлге бала жүзуге құнықпайды.
Жылтыр сөзі секілді кейбіреудің,
Көрінгенмен күн көзі, жылытпайды.

Сағынышты есіңе сала жүрер,
Сарғаюдың азабын дала білер.
Жәндік біткен тығылад жер қойнына,
Қайтқан құс пен қалған құс – бәрі әбігер….

Мезгіл осы дыбысын білдірмеген,
Одан ешкім қашуға үлгермеген.
Күз – солғындау бояудың жиынтығы,
Күз дегенің – шертпе күй, күмбірлеген!

Қия алмай...

Қия алмай зорға қаласың дағы,
Аласың көзден мұң ұрлап.
Екі кездесу арасындағы,
Үзіліс неге тым ұзақ? 

Екі кездесу арасындағы,
Болмайды бостық тым тыныш.
Қызғаныш,күдік,өкпе,реніш,
Сағыныш,алаң,күрсініс. 

Жаңбырдың жыры,орманның биі,
Боранның күйі- ұққаным.
Қалыпқа ойым сыймағанменен,
Қалыптан бірақ шықпадым.

Талдырды мұңым,талшық етіп ем,
Өткен күндердің елесін.
Басқалар неткен бақытты еді,
Өзіңді күнде көретін.

Сұқ саусақтарым мүйізгек болды,,
Есігін қағып бақыттың.
Жолықпай мүмкін кетерміз біздер,
Қанжығасында уақыттың...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір