• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 09:54:12
Алматы
+7°

Қазіргі таңда Орталық Азиядағы елдердің су мәселесі төңірегінде өзіндік мүдделері мен талаптары қалыптасқан. Бұл жағдай мемлекеттер арасындағы шекаралық тұрақтылықты бұзып, достық қарым-қатынасқа сызат түсірмей ме? Өзге қандай қауіп бар? Олқылықтың алдын алу үшін қайтпек керек? Сұрақтарға жауап іздеместен бұрын, алдымен БҰҰ-ның суға қатысты берген пікірлеріне көз жүгіртейік.

БҰҰ мәлімдемесі

БҰҰ-ның 2021 жылғы су туралы есебінде: «Су ресурстарының маңыздылығын мойындамау – оны ысырап ету мен мақсатсыз пайдаланудың негізгі себебі. Тіршілік үшін қажет болған бұл ресурстың маңыздылығын анықтау үшін су ресурстарының әртүрлі аспектілерін зерттеу қажет. Бұл әсіресе су тапшылығы кезінде және халық санының өсуі мен климаттың өзгеруі байқалғанда айқындалмақ.

«Су – біздің ең құнды ресурсымыз, біздің «көк алтынымыз», оған 2 миллиардтан аса адам қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан су адамзат қоғамының негізі ретінде санитарлық, әлеуметтік және мәдени рөлді қоса атқарады» дейді ЮНЕСКО ұйымының Бас директоры Одри Азуле.

Тұщы су тапшылығы қазірдің өзінде мемлекет аралық қақтығыстарға әкелді және олардың саны артып келеді. Бүгінде ол үшін түрлі әдістермен күресуге дайын елдер бар. Мамандар болашақ су проблемаларының себептерінің қатарында климаттың өзгеруі, суға сұраныстың артуы мен су объектілерінің ластануы тұрғандығын атайды. Сондай-ақ, БҰҰ сарапшылары су ресурстарының таусылуына байланысты болашақта оған қол жеткізу үшін болатын қақтығыстар көбейе ме деп қауіптенеді.

Орталық Азиядағы жағдай

Орталық Азия елдерінің дамуының маңызды факторларының бірі – олардың сумен қамтамасыз етілуі. Халық санының өсуі және экономиканың дамуы су ресурстарына сұранысты арттырды. Аймақтық сулардың негізгі көздері Қырғызстан мен Тәжікстаннан бастау алады оған қоса Өзбекстан, Қазақстан және Түрікменстан арқылы өтіп, Арал теңізіне құяды. Орталық Азияның су ресурстары іс жүзінде таусылды: қазіргі уақытта аймақтағы шамамен 170-180 текше метр су ресурстарының 90%-дан астамы пайдаланылуда. Нәтижесінде, Тәжікстан сияқты су ресурстарына бай мемлекеттерді қоса алғанда, өңір халқының 40%-дан астамы орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізе алмай отыр. БҰҰ-ның жарияланған деректеріне сәйкес, осы үрдістер сақталса, жоғарыда аталған Орта Азия мемлекеттерінің жалпы халық саны 2030 жылға қарай 2006 жылғы 45,6 млн адаммен салыстырғанда 68 млн адамға көбеймек, яғни 50%-ға артады. (Донбаева Г. Ч. Орталық Азия су ресурстары мәселелері)

Сала сарапшысы әрі зерттеуші Рысқұл Усубалиев болса: «Судың кесірінен қақтығыстар орын алады. Бұл басты проблемалардың бірі. Біз болашақта келіспеушіліктер болмас үшін бірге ойланып, шешім қабылдауымыз керек. Өйткені басқа елдер туралы айтпағанда, судың жетіспеушілігі қазір Қырғызстанның ішкі аймақтары мен ауылдары арасындағы жанжалдарға әкелуде», - дейді.

Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы шиеленіскен жағдайды алып қарастыруға болады. Мәселенің қиындағаны сонша, күрес тоқтаусыз жүріп жатты. 2011-2015 жылдардың өзінде жер-жерде 70-тен аса шекаралық қақтығыс өткен. Ал әр істің басында жүретін Ресей болса, бейтараптылық танытып, келеңсіздікті тоқтатуға ұмтылды. Алайда, 2021 жылдың сәуір айындағы соңғы соғыс қимылдары кезінде тұрақты бітімге тағы да қол жетпеді. Бұл аумақтағы қақтығыс салдарынан 50-ден астам адам қаза тауып, 40 мыңнан аса адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Түсініспеушіліктің басты себебі, әрине, оңтүстіктегі алып ауданның құнарлы, табиғи байлыққа мол жерлері еді.

Экономика ғылымдарының докторы Ходжимухаммад Омаров мәселеге қатысты былай дейді: «Жалпы Орталық Азияны мұздықтардан шөлдерге дейін қарастыру керек. Себебі ағынның едәуір бөлігі осы шөлді аймақтарда азаяды. Біз бірлескен комиссия құрып, геологтар мен гидрологтарды шақырып, есептеулер жүргізіп, су қоймаларындағы булануға қанша су жоғалтатынымызды зерттеуіміз қажет. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан – өз электр станцияларының жанындағы су қоймаларында су жинаса соның өзі жеткілікті».

Қазақстандағы су ресурстарының қазіргі жағдайы

Қазақстан табиғи су қорына бай ел, десе де, мемлекет аралық келісімдер негізінде іргелес елдерден келетін су ресурстарына тәуелді аз қамтылған бассейндер де бар.

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бір сөзінде: «Жыл сайын су тапшылығының күшеюіне байланысты халықтың су тұтынуын қамтамасыз ету және экономиканың қажеттіліктерін қанағаттандыру қиын міндетке айналуда. 2030 жылға қарай Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы 23,2 км кубты құрауы мүмкін» деген еді. Оның айтуынша, бұл мәселеге: климаттың өзгеруі, су ресурстарының республика аумағы бойынша біркелкі бөлінбеуі сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.

Министр өз сөзін: «Су ресурстарына қатысты жағдайдың аймақтар бойынша айтарлықтай ерекшеленуі жұмысты қиындатады. Еліміздің шығыс өңірі су ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген болса, Орталық Қазақстан мен оңтүстік және батыс аймақтар көршілес елдерге тәуелді. Сондықтан су тапшылығы оңтүстік және батыс аймақтарға көбірек әсер етуі мүмкін» деп түйіндесе, 2020 жылы сол кездегі министр Мағзұм Мырзағалиев суды тұтынуды азайту бойынша атқарылатын шараларды жариялаған еді:

  • Біріншіден, су тапшылығын болдырмау үшін 29 мың гектар, атап айтқанда, Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында күріш егісін қысқарту қажет. Бұл бір текше шақырым суды үнемдейді.
  • Екіншіден, 750 мың гектар алқапқа суды үнемдейтін суару технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орта есеппен 30% немесе 2,2 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
  • Үшіншіден, ұзындығы 6 мың шақырымды құрайтын суару желілерін қайта жаңғырту керектігін алға тартты.

«Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 миллиарл теңге жұмсалады», – деген еді Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде. Оның қорытындысын уақыт көрсетері анық. Алайда, су мәселесі өз шешімін таппаса, қауіп сонда орнамақ.

Ал сарапшы Болат Есекин: «Біз бүгін қолданыстағы стратегияларымызды қайта қарап, іс жүзінде әр елдің ішінде және аймақтық деңгейде аграрлық, коммуналдық және өнеркәсіптік стратегияларды қайта жоспарлауымыз қажет» дейді.

Қандай қауіп төнуі мүмкін?

    Орталық Азиядағы су мәселесінен төнер қауіп:

  • су тапшылығының артуы;
  • жер үсті және жер асты суларының ластануы;
  • су шығынының артуы;
  • халықтың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеуі;
  • мемлекетаралық келіспеушіліктер.

Сонымен қатар, халық санының өсуі және экономиканың дамуы салдарынан су ресурстарына төнер қауіп артуы мүмкін.

Түйін. Су ресурстарын басқару мемлекеттік және жеке секторларда шешім қабылдауға жауапты тұлғалардың жауапкершілігінде болғанымен, бізге суды пайдалану және су ресурстарын қорғау саласында менеджерлік дағдыларды меңгерген, елдердің су секторын дамыту мәселелерін шешуге байланысты күрделі шешімдер қабылдауға көмектесетін жас мамандарды даярлау қажет. Екіншіден, Орталық Азия мемлекет аралық су мәселесі жөнінде комиссия құру керек. Себебі Оңтүстік аумақтағы елдер арасындағы қақтығыс бізге де әсерін тигізуі мүмкін. Үшіншіден, су шекарасын  ірі инфрақұрылымдық жобаларды зерделеу кезінде олардың әлеуметтік және экологиялық зардаптарын болдырмау үшін осы әр түрлі аспектілерді ескеру қажет. Сарапшылардың көзқарасы бойынша біз "Су" бірегей ресурс екенін ескеруіміз керек, ал олай болмаған жағдайда бұл ресурс үшін Орталық Азия елдері арасындағы қақтығыстар жалғаса беруі мүмкін.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 4 курс студенттері Рүстем АЙТКӘРІМ, Шыңғыс АПИ

Жетекші: аға оқытушы Н.Б. Рушанова

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: су мәселесі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір