26 Желтоқсан, 2022 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
27 желтоқсан күні бұқтырылған ет өнімдерін шығаратын "Кублей" сотына қатысты істе судья шешім шығаруы мүмкін. Осыған байланысты зауытта жұмыс істейтін қызметкерлер уайымдап отырғандарын айтады.
"Қорқыныш деген бізде үлкен. Осыны естігеннен бері үрейге түстік. Менің бұл жерде жұмыс істеп жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Жап-жас болып "Кублей" зауытына кірдік, балаларымызды өсірдік, үйлендірдік, үй салдық. Бала-шағамызды осы жұмыстың арқасында асырап отырмыз. Ертең бұл зауыт жабылса, қайда барамыз, қалай күн көреміз. Білмеймін",- деді Кублей зауытының жұмысшысы Алуан Амангелдіқызы.
Алуанның әріптестерінің барлығы осындай екі ұдайы күйде, уайыммен отырғандарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, "Кублей" зауыты мен Орал қаласы әкімдігінің арасында дау жерге қатысты басталған болатын. Себебі, Орал қаласының әкімдігі "Кублей" зауытының аумағынан тұрғын үй салуға жер беріп, ол жерге үйлер салынып, қазір қалған құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде сол тұрғын үйге қаражаттарын салған үлескерлер де зардап шегуде. Егер, сол салынған үйлерге халық қоныстанатын болса, "Кублей" зауыты жабылуы мүмкін. Себебі, зауыттың санитарлық талаптары сақталмауда. Заңға сәйкес, зауыт, кәсіпорындар тұрғын үйлерден 100 метр алыс жерде орналасуы тиіс. Демек, бұқтырылған ет шығаратын зауытқа ертеңгі күні тұрғындар тарапынан жағымсыз иісі шықты деген сынды түрлі шағым түсуі мүмкін.
Сот екі тарап ырмаға келуі керек деп шешім шығарған болатын. Сот осы шешімді оқи салысымен залдағылар у-шу болып, тіпті тұрғынның бірі талып қалған болатын. Себебі, медиацияға екі тарап та қарсы болды, судья Жұрабаев "Кублей" мен Орал қаласы әкімдігі арасындағы істі тоқтатып қойып, желтоқсанның 22 күні іс қайта жалғасты.
"Біз тұрғындармен соттасып жатқан жоқпыз. Біз осындай заңсыздыққа барған әкімдіктегілермен соттасып жатырмыз. Әкімдіктен келген өкілдер заң "Кублей" зауытының жағында екенін түсініп отыр. Олар біз осы сот біткеннен кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Исқалиевті қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде сұрақты көтеретінімізді сезеді. Сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке БҚО әкімі аппаратының басшысы Абат Шыныбековті де тарту мәселесін көтереміз. Себебі, ол құжатқа қол қойған. Заңсыз жобаны жасап, қол қойғандардың барлығы жауапкершілікке тартылуы керек",- деді "Кублей" зауытының заңды өкілі Бақытжан Базарбек.
Сәуір айында Индустрия министрлігінің өзі Орал әкімдігі бас жоспарды сақтауы керек. Кублей зауытының маңында тұрғын үй салуға болмайды деп жауап берген. Бірақ соған қарамастан істі созбаққа салып, үкіметтің ұстанымын білмек болып, құжатты үкіметке қайта жіберген. Қазір "Кублей" зауытының заңды қорғаушысы, адвокат судья шешім шығаруға қорқып отыр ма деген күмәнға келе бастады.
Айта кетейік, бұқтырылған ет өнімдерін шығаратын Кублей зауытында 700 адам жұмыс істейді, оның сыртында осы кәсіпорынға еттерін өткізіп отырған 3 мыңға жуық шаруа иесі тағы бар. Барлығы тақымын қысып, соттың әділ шешімін шығарғанын күтіп отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір