Фото: informburo.kz
Қаңтар оқиғасы бойынша "Ауыр салдарға әкеліп соққан қызметтегі әрекетсіздік" бабы бойынша айыпталған Алматы облысы полиция депортаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың сотында куәгер бұған дейін тараған ақпаратқа қарама-қайшы келетін деректерді айтты.
5 қаңтарда парламентте бас прокуратура көрсеткен видеода Серік Күдебаев қызметтік орнын тастап кетіп бара жатқан кадр бар. Ал сот отырысына куәгер ретінде қатысқан арнайы жасақ штабының лейтенанты Айгүл Нұрмұханова Күдебаев 2022 жылғы 4 қаңтарда көппен бірге стратегиялық нысандарды қорғауға қатысқанын айтады. Куәгер сөзін informburo.kz. сайты келтірген.
Куәгер 2022 жылдың 4 қаңтарында әкімдіктің алдына бірнеше адам келгенін, алаңға арнайы жасақ жиналып, прокурор мен әкім сөз сөйлеп, наразы азаматтарды таратуға тырысқанын айтады. Митингке шыққандардың кейбірі тараса, кейбірін полицелер ұстаған. Осыдан соң арнайы жасақты алаңнан алып кеткен.
"Біз де сол жерде болдық. Тағы да митинг болуы мүмкін екені ескертілді. Сол себепті дайын болыңдар деген бұйрық түсті. Мен іс-қағаздармен жұмыс істейтінмін. Жұмыстан шыққанға дейін наразы халық саны көбейді. Алаңға бара жатқан кезде Ішкі істер басқармасының жанынан өттім. Алаңға кіру мүмкін емес еді. 102-ге хабарласып наразылыққа шыққандардың шабуыл жасап жатқанын айттым. Олар барлық құқық қорғау органы қызметкерлері алаңда екенін айтты", деді Айгүл Нұрмұханова.
Куәгер алаңда тәртіпсіздікті ұйымдастырған 4 адамды байқағанын жеткізді. Олар үнемі телефонмен сөйлесіп, алаңға адам жинаған.
"Бір топ адам Ұлттық ұлан сарбаздарына тас лақтырып, шабуыл жасады. Сол кезде менің жанымнан бір ер адам өтіп кетті. Ол – әкімнің орынбасары еді. Тобыр оны көре сала шабуыл жасап, ұрып-соға бастады. Үш жігітпен бірге әкім орынбасарын қоршап алып, сүйреп алаңнан шығардық. Алаңнан шыққан соң әкімшілік жаққа қарай жүгірдім. Сол уақытта адамдар тас лақтырып, ғимаратты қиратып жатты. Ту ұстаған адам шығып, Ішкі істер депортаментін қиратайық деп айғайлады. Адамдар қолына қалқан ұстап, оқ өткізбейтін желет киіп алған. Осы сәтте взвод командирі Руслан Төстекбаевты көрдім. Оның жағы сынып, жарақат алғанын байқадым. Оны сарбаздардың бірі құтқарды", деп жауап берді арнайы жасақ өкілі.
"Мен командирге есеп бердім. Ол базаға барып, қорғанысты күшейту керек деп бұйрық берді. Кейін бірнеше диспетчерлік машина мен азаматтық машинаны тоқтаттым, біз базаға бардық. Біз қарулану үшін ПД-ға бару командасын алдық. Барлық жігіттерге жауапты болғандықтан оларға азаматтық киім киюге тапсырма бердім. Біз қару-жарақ алу үшін полиция депортаментіне баруымыз керек болды. 4 қызметкерді өзіммен бірге алып кеттім. Ал қалған төртеуін әкімшілікке жібердім. Полиция депортаментіне келген кезде көліктер өртеніп, қирап жатты", дейді куәгер.
Штаб лейтенанты бір сарбаз қаза тапқаны жөнінде хабар алған. Артынша бүлікшілер аурухананы өртегелі жатқанын естіген сол ауруханаға жол тартқан.
"Алаңдағы барлық қызметкерлер соққыға жығылды. Серік Күдебаев сол кезде бізбен бірге болды. Мен оның өмірін қауіпке тігіп, қан-жоса күйде бізбен бірге күрескенін көрген соң оған деген құрметім артты. Сіз құрметке лайықсыз", деді Айгүл Нұрмұханова.
Куәгер Күдебаевтың алаңда жарақат алғанын, аққан қанды қанды өзі тоқтатқанын жүргізушісінен естігенін жеткізді.
"Полиция депортаментіне барған кезде ғимарат іші қараңғы болды. Ғимараттың ішінен бір полиция қызметкері мен бір сарбазды таптым. Сосын көшеде екі әйел қызметкерді таптым. Біреу ауруханада, біреу біздің штабта болды. ПД ғимараты қирап тұрды. Рацияға сөйлеп жүрген бірнеше азаматты көрдім. Олар жеке кабинеттерді қиратып, керек-жарақты ұрлап, отбасымызды, өзімізді, жақындарымызды өлтіретінін, басымызды кесіп алатынын айтты. Олардың рацияға айтқан әр сөзін қойын дәптеріме жазып алдым. Ғимаратқа әйелдер мен балалар кіріп жатқандықтан кезекші әрі қарай не істеу керегін сұрады. Мен полиция қызметкерлеріне постты тастауға болатыны туралы бұйрық түскенін айттым", деді Айгүл Нұрмұханова.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір