• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Қараша, 01:04:01
Алматы
+12°

Фото: Маңғыстау облысы баспасөз қызметі

2 ақпанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Сарға ауылына барды. Жұмыс сапарының үшінші күні аудан тұрғындарымен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сарға ауылында 1 600-ден астам адам тұрады. Ауылда екі жалпы білім беретін оқу орны бар. Онда 87 мұғалім 467 оқушыға білім береді. Оған қоса мәдениет үйі мен балабақша бар. Ал дәрігерлік амбулаторияда 7 маман қызмет көрсетеді. Ауылда 130-дан астам шаруа қожалығы мен үш жеке қосалқы шаруашылық тіркелген. Ауыл толықтай электр жарығымен қамтылған. Алдағы уақытта алты көшені жарықтандыру, газ құбырын жаңғырту, жолдарды жөндеу, ойын алаңдарын абаттандыру жоспарланып отыр.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым, байланыс сапасын арттыру, үй жануарларының жол бойына шығып кетпеуі, дәрігерлердің жетіспеушілігі, мектеп, балабақша, ойын алаңдарын салу, «Қазпошта» мекемесінің жұмысын жандандыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар тұрғындарды газдандыру мәселесі, жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі алаңдатты.

ж

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейтуді тапсырды.

- Егер қандай да бір жұмыс басталған болса, техникалық қадағалау күн сайын таңертеңнен кешке дейін бақылануы керек. Ал қадағалаушы органдардың, мердігер компанияның өкілдері мен жұмысты тексеріп, қабылдайтындар үнемі сонда болуы керек. Мемлекеттен ақша бөлінді, тендер өткізілді. Жеңімпаз атанып, ақша алсаңыз, қол қусырып отырмаңыз. Әркім өз жауапкершілігін сезінуі керек, – деді Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаевтың жұмыс сапары Бейнеу ауылында жалғасты. Аймақ басшысы жергілікті халықпен кездесіп, ауыл тұрғындары үш ауысымды оқыту мәселесін талқылады.

Осы жағдайды шешу үшін 2022 жылы Бейнеу ауылындағы «Атамекен» және «Күйкен» орта мектебінде 312 орындық жапсырлас қосымша құрылыс салынып, 2022 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 1200 орындық 3 мектеп салу жоспарланып отыр. Бейнеу, Ақжігіт, Есет, Сыңғырлау, Тәжен ауылдарында құрылыс аяқталып, ашық спорт алаңдары пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында Бейнеу мен Боранқұлда спорт залдары салынуда.

Бейнеу ауданында барлығы 11 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Әр ауылда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Онда 123 дәрігер, 514 маман жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Бейнеу ауылында 250 орындық аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курстарына 453 адам жіберілді. 2023 жылға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы барлығы 837 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

дж

Сам, Ноғайты, Тұрыш ауылдарын орталықтандырылған су құбырымен қамту мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 97,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жазғы маусымда Бейнеу ауылында ауыз су тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін Бейнеу ауылында орналасқан су тазарту қондырғысына қосымша 20 000 м3 су қоймасын салу жоспарлануда. Қазір бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар Бейнеу ауданының тұрғындарымен кездесуде жол, аурухана салу, вокзалдардың сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту және т.б. мәселелер сөз болды.

Нұрлан Ноғаев өз сөзінде барлық ұсыныс ескерілетінін атап өтті.

– Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары бар. Біз тұрғындардың өтініштерін жинап, басымдықтары мен қажеттіліктеріне сәйкес шешім қабылдаймыз. Бірақ олар әр ауданның, ауылдың даму жоспарына сәйкес жүзеге асады. Өзекті мәселелер де бар. Мәселен, бірінші кезекте ауыз су, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді қолға алу керек, – деді облыс әкімі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір