• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

12 Қараша, 20:07:35
Алматы
+12°

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақпараттық хабарламада Тоқаев америкалық дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өткені айтылған

 

– Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді президент. 

Тоқаев экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторларының бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.

– 30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Сонымен қатар бүгін Астанада Орталық Азиядағы серіктестердің басын қосқаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға алғыс айтамыз. Әріптестеріміз – сыртқы істер министрлерімен бірге аймақты біріктіруге бағытталған берік әрі тығыз қарым-қатынас жасау, нақты мәселелерге назар аудару жөніндегі жұмыстарға атсалысамыз деп үміттенемін. Бұл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға ниеттіміз. Мен осында келгеніме және ынтымақтастығымызды нығайтуға өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын, – деді Энтони Блинкен.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір