20 Наурыз, 2023 Алматы
Фото: Алматы қаласының әкімшілік қызметі
Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммцникациялар алаңында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Қажы Оспан мәлімдеді.
«Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! 14 наурыз күні елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталатынын естеріңізге салғымыз келеді. Сәуірдің 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі», - деп хабарлады ол.
Биыл пітір садақа мөлшері – 535 теңге болып бекітілді.
Сондай-ақ имам алматылық кәсіпкерлерді еліміздің Бас мүфтиінің әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендету туралы үндеуін қолдауға шақырды.
«Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімізді жеткіземін», - деп толықтырды ол.
Сонымен бірге, Алматыда қасиетті Рамазан атап өтудің жоспары бекітілгені белгілі болды.
Биыл қаладағы 54 мешіттің 50-інде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 4 мешітте, атап айтсақ: Медеу ауданы «Исмихан» мешіті, Наурызбай ауданы «Күлиза ана» мешіті, Түрксіб ауданы «Макка» мешіті, Түрксіб ауданы «Ар-Рахим» мешітінде тарауих намазы құран хатымсыз оқылады.
Алматы орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылмақ. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі.
Биылғы жылды ҚМДБ «Ислам және Ізгі қоғам» жылы деп жариялағандықтан ораза айында «Рамазан – ізгілік айы» аясында түрлі шаралар: кездесу, семинар, дөңгелек үстел, сұхбат, уағыз-насихат, қайырымдылық т.б. ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, Алматы тұрғындары арасында «Жарапазан-Party» байқауы өтеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір