• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:40:13
Алматы
+12°

Құрбан айтта жағдайы келмейтін азаматтар қарызға құрбандық шалудың қажеті жоқ. Бұл туралы діни басқарманың уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров айтты.

"Құрбан шалу үшін қарыз алып құрбан шалу міндет емес. Өйткені құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек. Жағдайы бар адам ғана құрбан шалады. Ал енді жағдайы келмейтін адам қарызданып, құрбандық шалу оған міндет емес", - деді Мансұров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ құрбандыққа шалуға болмайтын малдар туралы да айтып өтті. Батыржан Мансұровтың айтуынша, төмендегідей сипаттағы малдар құрбандық шалуға жарамсыз болып келеді: 

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Емшектерінің басы жұлынып қалған
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған. 

«Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Ал елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды», - деді Мансұров.

Сондай-ақ мүфтият өкілі құрбан шалмай, оның ақшасын садақа ретінде беруге болмайтынын атап өтті.
 
"Құрбандық кезінде құрбан шалудағы мақсат – қан ағызу. Үш күн ішінде құрбан шалуымыз міндет, оның орнына садақа етіп бере алмаймыз. Садақа ретінде құрбандық қаражаты жүрмейді", - деп мәлімдеді Мансұров.
 
Биыл қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні 28 маусымға түсіп тұр.

  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір