• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Шілде, 06:20:46
Алматы
+35°

Кеше Алматының Наурызбай аудандық сотында қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот журналист Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ал Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Аталған азаматтарға Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алды деген айып тағылған. Белсенділер болса өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Сот үкімі шыққан кейін әлеуметтік желіде жазықсыз азаматтарды бостандыққа шығарсын деп талап етушілердің саны көбейді. Аталған пікірлерді Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады. 

Ұларбек Дәлейұлы: 

ӘЙГЕРІМ ЖАУ БОЛСА, МЕНІ ДЕ ОДАН АЛЫС САНАМА!
«Жаңа Қазақстанның» құрбандары...
Анығында, осы азаматтардың жанкештілігінің арқасында Тоқаев билігі нығайған еді.
«Қаңтаршыларға» арнайы рахмет айтып, нағыз бүлікшілерді жазалайтын шығар деп күтіп жүрсем...
Керісінше, бәрі.
 
Халима Тәжіқұл: 
 
Бесеудің соты. Бесеуін де аямады аярлық. Бесеуінен не қауіп, не залал көрді мына ел? Үкім есеңгіретті, жалғыз үміт - аппеляцияда.
Әйгерім Тілеужанова алты күн бұрын соттағы соңғы сөзін айтып еді, сол кездегі мына сөзін үлкен әріппен жазсам деймін:
"КЕЙДЕ АБАҚТЫДА ОТЫРҒАН БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР ЕМЕС, СІЗДЕР МЕ ДЕП ҚАЛАМЫН. ІШКІ БОСТАНДЫҒЫ ЖОҚ АДАМ ШЫНЖЫРҒА БАЙЛАНҒАН ИТ СИЯҚТЫ ЕМЕС ПЕ?"
Бұл сөзді сотқа, прокурорға қарата айтты (негізі бәрімізге арналуға тиіс сөз), бұл сөз оларға сұмдық әсер етті, еттен өтіп, сүйекке жетті. Сөйтті де төрт жылға жаза кесті. Қайтсін-ай, жазалау мүмкіндігін жіберіп алғысы келмеді де, қорқаулық дейді мұндайды.
Режим абақтысында жүрген әркімнің ойланатын күні бүгін, бірақ ойланып, алаңдап жатқан адам аз. Мен осыдан қорқам.
 
Дина Елгезек: 
 
Жылап жатыр. Талып жатыр. Айғайлап жатыр.
Бүгінгі соттан көрініс.
Әуежайды мына бесеу басып алды дегенге кім сенеді?
Халықты кепілдікке алды ма? Қолдарында қару болды ма? Біреуді атып өлтірді ме? Жоқ, мұның бірін де жасаған жоқ!
Бірі - мұғалім, екіншісі - журналист, үшіншісі - кәсіпкер, төртіншісі - қара жұмысшы, бесіншісі - жұмыссызды арнайы дайындықтан өткен кәнігі террорист ретінде соттау - абсурд!
Жазықсыз жандардың көз-жасы жібермесін!
 
Қанат Әбілқайыр: 

БЕС адам әуежайды басып алып, ОДКБ-ға мүше Қазақстаннан өзге БЕС мемлекеттің әскері Алматыға қона алмай қиналған көрінеді.
"Жаңа Қазақстандықтар" өз қисындарына өздері сене ме екен?" деп ойлаймын, ылғи...
Жазықсыз сотталғандарға бостандық берілсін!
Аятжан Ахметжанұлы: 
 
Қазіргі билік қаңтарда әділет сұрағандарға рахмет айтса, сонда ғана әділетті Қазақстан болар еді...
Ал, бұлар керісінше...
Соттау, қудалау...
Сөзім жоқ!
Қаңтар ісімен бір мұғалім 8 жылға сотталды...
Әріптестер не дейсіздер?
Мұғалімнен қылмыскер шықпайды!
 
Мұхтар Сеңгірбай: 
 
1. “Орталық Азияның бір елінен келген террористерді басқарған журналист, мұғалім мен жұмыссыз кісі ме? 2. Қарулы күзет қару ұстауды да білмейтін оларға әуежайды тастай сап кетіп қалған ба? 3. “Террористер” басып алған әуежайын неге әрі қарай ұстап тұрмай кетіп қалған? Басып алғандағы мақсаты не өзі?
 
Нәзия Жоямергенқызы: 
 
ХАЛЫҚТАН АРАША КЕРЕК!
Ешкімді өлтірген жоқ, Қаңтар қырғынында қылмыс жасаған жоқ, бірақ сот мынадай үкім шығарды. Қаңтар оқиғасында жазықсыз жандарды атқандар, атуға бұйрық бергендер, ел ішіне іріткі салғандар, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығы мен саяси тұрақтылығына қауіп төндіргендер түгел ұсталды ма? Халықты билікке қарсы қойып, Тоқаевтың өзін арандатқысы кеп жүргендердің тірлігі емес пе екен бұл? Қаралы қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзінен әскери төңкеріс жасағысы келген қылмыскерлер мен сатқындар шықты. Ондайлар әлі бар болса қайтеміз астыртын әрекет етіп отырған? Халықтан араша керек! Әйтпесе, көрінгенді сотқа сүйрей беретін әдет күшейе түседі! Барлығы заң шеңберінде болуы тиіс!!!
 
Аян Қалмұрат: 
 
Әйгерім Тілеужан мен төрт кісіге шыққан үкім есеңгіретіп тастады. Шартты жаза берер деп күтіп едім. Нақты дәлелі жоқ, ақылға қонбайтын айып тағылған іспен 4-8 жылға соттау деген не деген қатыгездік… Судья үкім оқыған соң шарасыз туыстары айқайлап жылап, талықсып, есін жия алмай жатты. Әйгерімнің мамасы сөйлей алмай қалды… Әуежайды басып алды деген бес кісінің қайсысы, билік айтқандай, шетелде арнайы дайындықтан өткен бандитке ұқсайды, айтыңыздаршы?.. Сотталғандардың бірі — журналист, бірі — мұғалім, бірі — кәсіпкер, бірі — қара жұмысшы, тағы бірі — жұмыссыз жүрген аға. Сөз жоқ.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір