21 Қыркүйек, 2023 Әлеумет
Шындықты айтсаң – "шетелдік агентсің"
"Әділетті Қазақстан" қайда бара жатыр?
Фото: freepik
20 қыркүйекте Қаржы министрлігі шетелден қаржыландырылатын еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың тізімін жариялап жіберді. Тіпті ЖСН-дерін ашық көрсетіп, жайып салды.
Сөйтсек, біздің биліктің "Шетелдік агенттер" деп танығаны белгілі журналистер, танымал тұлғалар, БАҚ-тар, қоғамдық қорлар мен шетелдік компаниялар екен. Бұл тізімге ұзын-ырғасы 240 ұйым мен тұлғаны қосып қойыпты.
"Көтек көргенін істейді" демекші, Ресейдің "иноагент туралы" заңын Қазақстан билігі де қажетсіне бастаған күн туды.
Ресейде бұл заң Кремльді сынайтындарға қарсы қолданылып, сөз бостандығы мен ой еркіндігін тікелей шектейді.
Мемлекеттік органдар "Ресеймен салыстырмайық, біздің мақсатымыз басқа" деп мың жерден мойындамай отырса да, бұл тізімнің түпкі мақсаты еркін қазақтың аузына қақпақ қою екені түсінікті.
Қызық. Қазақстанның азаматтық қоғамын дамытуға, Қазақстандағы адам құқығы мен демократияны ілгерілетуге, ақыр аяғы қазақ қоғамында ақиқаттың айтылуы үшін ақшаны да, гранттарды шетелдің дамыған елдері бөледі.
Есесіне қазақтың өз елінде жуырда "блогерлер жарнамадан салық төлеуі керек" деген желеумен, "жалған ақпарат таратушыларды" жазалайтын тағы бір заң күшіне енді. Әкімдер мен министрлерді қызметінен алуды талап етіп петиция жазуға тыйым салатын заң жобасы мақұлданды. Енді міне, "шетелдік агенттер" деген тізім пайда болды.
"Әділетті Қазақстан" баспасөз бен үкіметтік емес ұйымдарды жөнге салуға жақсылап кіріскен сыңайлы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір