• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:03:23
Алматы
+12°

16 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Алматыда жер сілкінсе, Ауғанстанның күйін кешеміз бе?

"Бізге бұлай құр отыра беруге болмайды" дейді сейсмолог.

ашық дереккөздерден алынды

Апат айтып келмейді. Алыс-жақын елдерде аяқ астынан болып жатқан зілзала қаншама адамның өмірін жалмады. Былтыр жойқын жер сілкінісі Түркия, Ливия, Израиль, Армения т.б елдерде болған еді.

Апат биыл Ауғанстанға да келді. Жер сілкінісінен 3000 адам қаза тауып, 10 мыңнан астам адам зардап шекті. Герат округінде 13 ауыл толығымен қирап қалды.

Жаман айтпай жақсы жоқ, біздің еліміз де сейсмикалық белсенді аймақта тұр. Әсіресе, Алматы қаласында жойқын зілзаланың болуы қауіпі халықты үрейлендірмей қоймайды. Былтыр Түркиядан кейін Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 5,4 балл жер сілкінісі тіркелді. 2 балдық дүмпулерді ШҚО-ның Зайсан қаласы және Күршім ауылының тұрғындары сезінген.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Шығыс Қазақстан облысынан бастап Қызылорда облысына дейінгі жер сейсмикалық қауіпті аймаққа жататынын, ол жердегі дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Бірақ ол Алматы қауіпті жер аймағына жатса да, бұл полигонда аса бір үлкен жер сілкінісі болмайды, деген болжам айтады.

Ал сейсмолог Мұхтар Сафаржанұлының сөзінше, Алматы Еуразия континентінің ең қауіпті аймағында орналасқан. Бірақ Жапониямен салыстырғанда бізде қауіп аз. Алматыда жойқын жер сілкінісі үш рет болған, 1887, 1889 және 1911 жылы. Ол дүмпулердің магнитудасы 7,3, 8,4, 8,2 балл болды. «Ғылыми тұрғыдан айтқанда, Алматыда жақын арада жойқын жер сілкінісі орын алса, таң қалмаймын», дейді ол.

– Алматыдағы антропогендік өзгерістер салдарынан, мәселен, шахта, су қоймаларының дамуына байланысты техногендік жер сілкіністері пайда бола бастады. Соған орай, елімізде жедел шараларды қабылдай отырып, құрылыс жүргізілгенде қатаң нормалар сақталуы керек. Бұрындары ғимараттарды салу кезінде белгілі бір нормалар сақталатын. Қазір ғимараттар мен үйлерді салу кезінде зілзаладан қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қадағалаған жөн. Алматының астында тектоникалық сызық жатыр, бұл өте қауіпті, – дейді Мұхтар Сафаржанұлы.

 

Алматы жер сілкінісіне қаншалықты дайын?

 

Qamshy.kz редакциясының бұл сұрағына сейсмолог былай деді:

– Өкінішке қарай, Алматы жер сілкінісіне дайын емес. Қаламыз Түркиядағы қалалардың тағдырын қайталауы мүмкін. Бұған жол бермес үшін біздегі сапасы нашар құрылыстарға қысқа мерзімді болжам орнатуымыз керек. Бірақ бұл мәселеде сейсмологтар арасындағы қайшылық, заңнамалық, экономикалық қолдаудың жоқтығы кедергі болып тұр. Мен тіпті біздің сарапшыларымыздың Түркияда, Сирияда, Ауғанстанда болған жер сілкіністерін талқылап, қорытынды жасамай, бейқам отырғандарына таңым бар. Бізде барлық іс тек ақпарат түрінде ескертумен ғана жүзеге асырылып отыр. Жер сілкінісіне қатысты саясаттанушылардың дабыл қағып, талқылағанын естімедім. Бұлай құр отыра беруге болмайды. Ең болмаса тұрғын үйлерді күшейтіп, сапасын көтеру керек, қауіпсіздік ережелерін қайта-қайта айта берумен шектелмей. Ескертсін, жарайды, мен оған қарсы емеспін. Бірақ бұл көрініс сырт көзге жұрттың жер сілкінісін үнсіз күтіп отырғаны секілді көрінеді, – деп алаңдаушылық білдіреді сейсмолог.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір