• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 13:20:17
Алматы
+7°

Қазан айының 16 күні Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасында мәдени мұраны қорғауға арналған халықаралық жиын өтті. Жиынға Осакадағы Азия және Тынық мұхит аймағының материалды емес мәдени мұрасын зерттеу халықаралық орталығының бас директоры Мачида Дайсукэ, Қазақстан Республикасы Материалды емес мәдени мұраны қорғау Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров, тағы басқалар қатысты. Басқосуда «Жапония және Орта Азия халықтарының фольклорын салыстырып зерттеудің өзектілігі» деген тақырыпта сөз сөйлеген жапонтанушы Шарафат Жылқыбаева Жапонияда «Орта Азия әдебиеті мен мәдениетін зерттеу институтын» ашуды, ал Қазақстанда қазақ әдебиетін дүниежүзі халықтарының әдебиетімен салыстыра зерттейтін «Әлем әдебиеті және фольклористика» институтын құруды ұсынды. Ғалымның баяндамасын ықшамдап назарларыңызға ұсынамыз.

lef
              Көк Бөрі ескерткіші (Ұлытау, Қазақстан)

Қазіргі жаңа дәуірде «фольклор көненің, әдебиет жаңа заманның жаршысы» деп, қос ғылымның ауылдарын бір-бірінен алыстатқанымызбен де, әдебиеттің қайнар көзі фольклор екені даусыз. Классик жазушының әрқайсысы халқының байырғы рухани құндылықтарын жадына тоқу арқылы жетілді. Мысалы, жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің шығармашылығына назар салсақ, қуат көзін фольклордан алғаны әңгімелеріндегі сюжеттерден байқалады. Халықаралық әдеби кеңістікте Акутагаваның «Өрмекшінің жібі» деген шығармасының идеясы Ф.Достоевскийден немесе ағылшын әдебиетінен алынған деген пікір бар, бірақ менің ойымша бұл сюжеті бойынша Будда аңыздарының, яғни буккйоусэцува желісін негізге алып жазылған туынды.

 «Фольклор это отзвук прошлого, но в то же время громкий голос настоящего» деп белгілі фольклорист, академик Ю.Соколов айтқандай, байырғы дәуірдегі өрелі өмір өнегесін бүгінгі заман адамына жеткізетін, көркемдік танымын, эстетикалық талғамын кеңейтетін, кемел келешекке жетелейтін де халықтың ауыз әдебиеті.

Ежелгі жапон тілін зерттеген лингвист ғалым Ооно Сусуму былай дейді: «Сөздiң мәнiн табу – мәселенiң түйiнiн шешу, оған қоса рухты табу деген сөз». Ал жапон фольклортану ғылымының атасы Янагита Кунио «Тіл топырақтан жаралған. Тілді білмеген туған жер мен адамның байланысын түсінбейді» деп жазған. Қазақта «Қасиетті топырақтан жаралған» деген ұғым бар. Бұл адамның туған жерімен ғана байланысты емес, кез-келген өнер туындысында, әдебиетте, тіпті тілде де белгілі бір аймақтың ерекшелігі бейнеленеді деген ұғымды білдіреді. Туған жердің аңыз-әпсана, ертегі-жырларын сақтап, ұпақтан ұрпаққа жеткізумен қатар, басқа елдерге таныту сол аймақтың тарихын таныту болып табылады.

Жапон тіліндегі Ооками (Ұлы Құдай) мен Ооками (қасқыр) үндес сөздер, таңбалануы (иероглифi) ғана басқа. Күншығыс халқы Құдайды Ооками, бөрiнi де Ооками деуi бекер емес. Ками (Камисама) Көкпен байланысты ұғым. Көк Бөрi – көшпендiлердiң тотемi. Ооками –  қасқыр туралы аңыздар Жапонияның Чюгоку, Чюбу, Шикоку, т.б. аймақтарында кең тараған.

Жапонның «Оокагами» (Ұлы айна) шежiрелiк еңбегiнде жырланған тарих «Риккокуши» (Алты мемлекеттiң тарихы) кiтабының жалғасы болып табылады.

уа

Тама таңбасы жапон тiлiнде 19 түрлi бейнеленсе, мадара – аланы айқындап, Алашты бейнелейдi. Алаша хан есiмiнiң тура бiр мағынасына бойласақ, ала сөзi мадара таңбасымен байланысты екенi көрiнедi. Мадара (ала) таңбасы кэсу иероглифiмен бiрiгiп, мура деп оқылады. Бейнелi сөз Алашқа қатысты әдеби, тарихи ақиқатты айқындайды. Алаша хан, ала, мадара, мура таңбалары семантикалық бiрлiктi құрайды. Ала таңбасы алғаш рет мың жыл бұрынғы «Шинкокинвакашю» сияқты поэтикалық жинақта көрiнiс тауып, өлеңге арқау болған. Алашаның алты Алашқа хан болғанын оның жапон тарихында таңбалануынан бiлемiз. «Алты алаш» деген термин осындай евразиялық кеңістік деңгейінде мәні бар кең ауқымды. Ұлытаудағы Алаша хан мавзолейінің қабырғасы алаша оюларымен бедерленген. Алаша хан өз заманында Евразия кеңістігінде ұлы хан болған деп батыл түрде айтуға болады.

Ежелден табиғатпен үндестікте тіршілік еткен жапон елінің ұлттық символдарының бірі сакура болса, ұлттық сусыны сакэ екені баршаға белгілі. «Гогэнджитэн» этимологиялық сөздiгiнде «Сакура – Ұлы даланың Пiрi Көктен түскенде гүлдейтiн ағаш» деген түсiнiктеме берiлген. Сакура, сакэ, самурай, сакана сияқты жапонның ұлттық символы болып табылатын атаулар мен көшпенділердің ұлттық сусынымен байланысты саумал, саба, сауу сөздерiнiң түбiрi бiр. Көне жапон тiлiнде Са – Құдай деген мағына береді. Жапон лингвистикасында «Cакура – Ұлы даланың Пiрi түсетiн ағаш», ал «Cакэ – Ұлы даланың Пiрi жiберген сусын» деген анықтама өте дәл берiлген.

Ұлттық сусынның лингвокультурологиялық мәнін айтқанда, ұлттық тағам туралы да бір ауыз сөз. Қазақтың ұлттың асы – қазы-қарта болса, жапондар да жылқы етін ұлттық ас санайды. Жапонияда жылқы етінен жасалатын сакуранабе, басаши, баникунотатаки, сакураникудзара, баникусоба сияқты 50-ден астам тағам бар.

Бүгінгі алқалы жиында Жапонияда «Орта Азия әдебиеті мен мәдениетін зерттеу институтын» ашуды, ал Қазақстанда қазақ әдебиетін дүниежүзі халықтарының әдебиетімен салыстыра зерттейтін «Әлем әдебиеті және фольклористика» институтын (бұның ішінде аударма бөлімі болуы керек) құруды ұсынамын.

Назарларыңызға рахмет!

Шарафат Жылқыбаева
Жапония Фольклортанушылар
ассоциациясы мен Еуразия Жазушылар
Одағының мүшесі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір