• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:16:44
Алматы
+12°

18 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Итке сүйек. Қазақстанда зейнетақы 14 теңгеге өсті

Қарттардың бар зейнетақысы дәрі-дәрмекке кетіп жатыр.

ашық дереккөздерден алынды

Қазақстанда орташа зейнетақы 14 теңгеге өсті! Бұған дейін орташа зейнетақы тамызда 120 923 теңге болса, қыркүейекте 120 937 теңге болды. Қазан айындағы есеп бойынша 120988 тг құрайды. Иә, бар қосылғаны 14 теңге боп шықты.

– Зейнеткерлерге елімізде ешқандай жағдай жасалмай келеді. Тек «Қарттар күні» деген мерекеміз ғана бар. Санаторийге жатайық десек, бүкіл бала-шағаңның тапқан табысын есептеп алып кел дейді. Олардың табысының маған не қатысы бар? 55 жыл мұғалім болған адаммын. Кезінде мұғалімдерге тегін санаторий болатын. Ол кезде жас болдық, әрі жұмысбасты болып, бармайтынбыз. Енді бейнетімнің зейнетін көрем деген шақта мұндай мүмкіндіктердің бәрі жойылып кетті, – дейді ардагер ұстаз Мырзахан Қабасов.

Ал әлеуметтанушы Мәнсия Сабырова бұрынғы «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» дұрыс екендігін айтады.

– Біз зейнетақы төлеудің жаңа жүйесіне өтіп жатырмыз. Бұрын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болды. Ал қазір зейнетақыны жинағаныңа қарай аласың. Екіншіден, біздегі зейнетке шығу жасын қайта қарастырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерін көтеру қажет. Олай болмаса, онда бүгінгі жастар қартайғанда қиналып қалмауы үшін қазірден бастап зейнетақыға қаржыны өзі сала бергені дұрыс.

Сонымен бірге, зейнетке шығу жасын мамандыққа сай бөлген дұрыс. Мәселен, шахтер, балериналар 40 жастан кейін жұмыс істей алмайды. Сондықтан да олардың зейнетке шығу жасын қысқарту керек деп ойлаймын. Одан бөлек, емделуге, дәрі-дәрмек сатып алуға  арнайы мүмкіндіктер бөліп, тұрғын үйдің төлемақыларын төлеу секілді жағдайларды қарастыру керек, – дейді әлеуметтанушы.

Ия, қазір қатты қымбатшылық жүріп жатқан кеең болғандықтан, ақша құнсызданып барады. Экономикалық ахуалымыз онсыз да жақсы емес. Мұның бәрі зейнеткерлерге ауыр тиіп жатқаны рас. Қарттардың бар зейнетақысы дәрі-дәрмекке кетеді. Бұған қатысты мәжілісте депутат Әділ Жұбанов та зейнеткерлердің мәселесін көтеріп, сауал тастаған болатын.

– Еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып келеді. 30 жыл бойы халық ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеді. Одан халық қарызға кіріп, несие құрығына түсіп жатыр. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Ең төменгі зейнетақыны алатын кім? Ол – еңбек өтілі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілі  қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жұмыс істеп тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе? Халықтың осындай жағдайға тап болғанына биліктің кінәсі зор. Сондықтан да жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынамын, –деді депутат.

Қалай болғанда да, елімізде зейнеткерлердің қартайған шағында бейнетінің зейнетін көргені абзалырақ.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір