• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 12:14:31
Алматы
+12°

31 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Қаңтарды ұмытқан ба? Қазақстанда тағы автогаз тапшы

«Етікші етікке жарымас» демекші, табиғи байлықтың үстінде отырып, әлі күнге дейін ештеңеге жарымай келеміз. Министрлердің бірі су жоқ, бірі интернет жоқ, бірі электр энергиясы, жанармай, газ жоқ деуден шаршамайды.

Фото ғаламтор желісінен алынды

Кеше ғана Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «сұйытылған мұнай газының бағасы нарыққа сай емес» деп, жүргізушілерге көліктерін газға ауыстырмауға кеңес беріпті.

– Қазақстанда автогаз бағасы тым төмен, бұлай ұзақ тұрмайды. Жүргізушілерге көлігін газға ауыстырмауға кеңес беремін. Өйткені газ бағасы тек өсе беретін болады. Министрлік бағаның күрт өсуіне жол бермейді. Бірақ егер экспорт тапшылығы туындаса, онда автогаз бағасы экспорттық бағаға сай болады, депті.

Министр айтып болмай-ақ елдегі газ бағасы күрт көтерілді. Қазір жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек.

«Газдың үстінде отырып, газ тапшы дегенді қалай түсінуге болады? Сайлау өткізуге 20 млрд ақша табады да, халықты газбен қамтамасыз етуге келгенде дефицит, қаржы жоқ, дегендей неше түрлі сылтау айта бастайды. Қызылордада сұйытылған газдың тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Газ құю бекеттерінде көлік кезегі көп. Онда да талонмен береді, немесе 1500-2000 теңге көлемінде лимит қойылған», деген шағымын айтты оқырманымыз Қанат Еспай. 

100 жылға жететін қоры бар елде газ тапшы! 

Министрдің мұнысы – газ тапшы болса бензинмен жүр, су тапшы болса су ішпеңдер, дегеннің кері. Билік газ бағасының өсуі қаралы қаңтарға алып келгенін ұмытқан екен.

– Қазір көпшіліктен газ тапшылығына қатысты шағымдарды жиі естимін. Әсіресе, Астана қаласы бойынша газ жоқ дейтіндер көп. Бұл мәселе бізді де алаңдатуда. Елде газ тапшы екенін энергетика министрі мойындап отыр. Қазан айында 124 мың тонна сұйытылған газ тұтыну керек болсақ, оның нормасы 144 мың тоннаға жетіпті. Міне, осының салдарынан жетіспеушілік байқалады-мыс. Министр болса, газ тапшылығы болмас үшін газбен жүретін көлікпен жүрмеңдер дейді. Үкімет басындағылар «Қаңтар оқиғасы» осы газ бағасының көтерілуінен басталғанын ұмытып бара жатқандай. Қымбатшылыққа жол беруге болмайды, – дейді депутат Дәулет Мұқаев.

Qazaqgaz ұлттық компаниясының төрағасы Санжар Жаркешов газ тапшылығын мәселесін шешу үшін тұтыну көлемін азайту керек дейді. Яғни, оның пікірінше, халық ысырапшылдыққа жол беріп жатыр.

Ел өңірлерінде автогаздың қаншалықты қымбаттағаны тіркелді десек,

  • Астанада литріне 70 теңгеден 76 теңгеге,
  • Алматыда 75 теңгеден 81 теңгеге,
  • Шымкентте 60 теңгеден 64 теңгеге,
  • Шығыс Қазақстан облысында 70-75 теңгеден 76-81 теңгеге
  • Атырау облысында 50-55 теңгеден 54-59 теңгеге,
  • Алматы облысында 75-80 теңгеден 81-86 теңгеге,
  • Солтүстік Қазақстан облысында 75-80 теңгеден 81-86 теңгеге,
  • Маңғыстау облысында 50-55 теңгеден 54-59 теңгеге дейін қымбаттады. 

Билік тарапынан газ тапшылығы мәселесі шешілмесе, халықтың ашынып тағы бір рет көшеге шығуы ғажап емес.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір