• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:49:34
Алматы
+12°

16 Қараша, 2023 Саясат

Биліктің орыстық бағыты ұлттық бағытты басып кетіп жатыр – саясаткер

Жаңа Қазақстан қайда бара жатыр, әлде бір орнында тапталып тұр ма?

Фото: ашық дерек көздерінен

Қазір әлемде саяси жағдай тым тұрақсыз. Әлем әлі бөлініп, жіктеліп жатыр. Қазақстанның орны қайда? «Қайдан келдік, қайда барамыз?» деген данышпан Шәкәрімнің сұрағы әлі өзекті. Біздің елдің бүгіні қандай, ертеңі не болады? Жаңа Қазақстан қайда бара жатыр, әлде бір орнында тапталып тұр ма? Осындай сауалдармен Qamshy.kz саясаткер Дос Көшімге жүгінді.

Қайдан келдік? Қайда барамыз?

– Біз советтік, тоталитарлық жүйеден келдік. Енді қайда баратынымызды әлі білмейміз. Қоғамның бір тобы ұлттық бағытты қолдайды, бір тобы баяғыдан келе жатқан осы қалпымызда қалғысы келеді, үшінші топ либералдықты қалайды. Өз басым негізгі бағытымыз ұлттық мемлекет жасау болуы тиіс деп білемін. Алайда біздің билік ондай қадамға барғысы келмейді.

– Тоқаевты мықты дипломат дейді. Енді бірі Ресей мен Қытайда оқып келгенін кесір деп ұғады. Сіздің ойыңыз қандай?

– Мәселе оның қайда оқып келгенінде емес, ниетінде және алған бағытында. Біздің саясатымыз 90-жылдардағы советтік жүйеде қалды. Советтік жүйе деген шындығында Ресейдің бағыты екенін енді түсініп отырмыз. Сондықтан сол күйінде қалды. Иә, ол жақсы дипломат. Көпвекторлық саясатты ұстап тұра алатын мықты дипломаттар қазір өте қажет. Бірақ Тоқаевтың орыстық бағыты ұлттық бағытты басып кетіп жатыр.

– Қазақ қашан ешбір мемлекетке арқа сүйемей, өзіне өзі жауап беретін мықты елге айналады? Мәселе неде, жүйеде ме, президентте ме?

– Біз қасымыздағы мемлекеттердің саяси бағытын аңдап, өз мемлекеттігімізді сақтап қалуға тырысатын сияқтымыз. Аяқтан тұрып кеттік пе? Жоқ, ұлттық мемлекет құрмай, тік тұра алмаймыз. Өз алдымызға жеке тәуелсіз болғанымызбен, кішкентай советтік мемлекетпіз. Тіл, ономастика жағынан да, сыртқы саясат жағынан да сол бір жүйе өзгеріссіз қалды. Бұл жеке бір адамға қатысты емес. Мейлі, ол Назарбаев не Тоқаев болсын. Жекелеген адамдар келеді, кетеді. Жүйе толық өзгеруі керек. Еліміздегі көп азаматтардың бағыты – демократиялық  және ұлттық бағыт болуы тиіс. Президент ауыстырғаннан ештеңе өзгермейді. Қарапайым мысал, Асқар Ақаев кеткенде қырғыз бауырларымыз той жасаған. Бакиев президент боп келді де, 80 адамды атып тастады. Сол сияқты Назарбаевтан Тоқаев жаман болуы мүмкін, үшінші келген адам әлгі екеуінен де асып түсуі мүмкін. Сондықтан жеке адамға арқа сүйемеу керек. Бірді өзгерткеннен ештеңе болмайды. Жаңа жүйе келесі келетін адамдарға әділетті таңдау жасайды. Жүйе өзгерсе, ол адамдар мүлдем басқа болады. Ал бұлар осы ескі жүйе арқылы келгендер.

– Бүгінгі мәжілістің бетке ұстарлары үкіметтің осы күнге дейін атқара алмаған істерін «дөңгелетіп» әкете ала ма?

– Танымал адамдар депутаттыққа сайланып, солардың мәжіліс отырысында сөйлеген сөзіне ел риза болады. Мен саясаткер ретінде ондайға көңіл бөлмеймін. Маған керегі, нақты атқарған ісі, яғни, қандай заң жобасын ұсынды және оны қалай алып өтті. 1992 жылы Әкім Ысқақ деген жігіт жалғыз өзі Көші-қон заңын жазды. Сол заңның арқасында елге 1 млн 200 мың адам келді. Жаңадан сайланған депутаттар әлі күнге дейін бір заң жобасын ұсынған жоқ, соған қарным ашады. Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Ринат Зайытов болсын, бәрі де «мынандай заң шығарамын» деп барған. Кейбірі «Мен шындықты шыңғыртып айтамын» деп баратын сияқты. Шындықты кез келген жерде айтуға болады. Ринат домбырасымен-ақ әдемі айта алады.

Мысалы,  ҚР мемлекеттік тіл туралы заңы, ономастика туралы заң жобасын ұсынса, Қазақстанда сөз бостандығының шектелуі жайында, Ресейдің ақпараттық насихатын біздің елде тоқтататын заң жобасын ұсынса, сол кезде депутаттар жақсы баға алады. Қазір сөйлегендері, сұрақ қойғандары жақсы сияқты, бірақ ол парламент депутаттарының жалғыз міндеті емес. Заң жобасын дайындап жатқан шығар деп үміттенемін. Қарапайым халық олардың министрлерге қойған батыл сұрақтарына мәз болады, бірақ бұлай шектеліп қалмау керек.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір