• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Мамыр, 14:16:48
+35°

08 Желтоқсан, 2023 Әлеумет

"Айка тізімінің" астарында не жатыр?

Бұл тізімді ішінара тазартқан, министр, депутаттар мен әкім-қаралар ақша беріп құтылған деседі.

Фото: dzen.ru

Қазақстан қоғамын осы аптада шулатқан оқиғаның бірі "Айка тізімі" немесе VIP жеңгетайдың клиенттері болды. Жап-жас, қызметі қымбат қыздарға барғыштар арасында жеке бас мәліметтерімен қоса ірі шенеуніктер, танымал кәсіпкерлер, әншілер, спортшылар, ЖОО, қаржы және өзге де сала қызметкерлері өріп жүр. Ұзын-қысқасы 100-ден астам адам.

Бұл "Айка деген кім, бұл тізім қайдан шықты" дегенге қатысты қоғамда екі түрлі тұспал бар:

Біріншісі – тізімді бопсалау мақсатында жариялаған. Бұл нұсқаға құқық қорғау органдары сүйенеді. Тізім жарияланғанда ең бірінші болып осы құзырлы салаға күдік келтірілген. Өйткені биыл жазда полиция ақысы қымбат жеңілтек бикештердің қызметін әлеуметтік желі арқылы ұсынатын блогер қызды ұстағанын сүйіншілеп, ақпарат таратқан болатын.

100 мыңнан аса жазылушысы бар блогердің пәтерін тінту кезінде "бизнес кітапша" тәркіленгені айтылған еді. Сондықтан кейбіреулер "Айка тізімі" дегеніміз полиция базасынан алынған" деп өзінше топшылайды. Алайда, бұл ретте полиция өзіне шаң жуытар емес. "Айка ісі" деген атымен жоқ" деп азар да безер...

Екіншіден, бұл тізім – елдің көңілін басқа арнаға бұру мақсатында ұйымдастырылған шоу, қияңқы саяси технология.

Саясаткер Санжар Боқаев басында бұл тізімде 300 адам болғанын айтады:

"Ақпарат агенттігі ақпаратты ең бірінші осылай берді. Ал жалпыға жарияланған тізімдегілер 100-ден асады. Демек, тізімді ішінара тазартқан. Одан министрлер, депутаттар, әкім-қара сынды ірі шенділер "өшірілген". Енді айтыңыздар, біреу жезөкшені пайдаланған екен, оны бүкіл елге жария етудің не қажеті бар? Халыққа біреудің жеке өмірінің керегі бар ма? Мысалы, мен үшін жеке өмірінен гөрі сол шенеуніктердің тиімді жұмыс істейтін-істемейтіндігі маңызды. Бұл арада мақсат қандай? Жұрт саусағын шошайтып күлсің, бір-біріне өсек айтсын, сөйтіп қоғамдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырсын дей ме, сонда?".

Боқаев бұл осындай шоудың бір түрі екеніне сенімді.

"Өкінішке қарай, біздің қоғам сондай "қармаққа" жиі түсіп қалады. Оның орнына халық жемқорлардың тізімін жариялауды талап етсе ғой. Бар ғой, ондай тізім бізде. Жарияласын, бар өнерлері етек астындағы жағдайға жете ме? Мұнысы не мазақ? Жылына емес, тоқсан сайын жарияласын. Сонда шенеуніктеріміз аяқтарын тартатын болады, жемқорлар тізіміне ілініп, бала-шағасын ел алдында ұятты қылмауға тырысады", дейді ол.

Рас, "Айка тізімі" Алматыда айдың аманында, күннің жарығында хостелдегі 13 адамның өліміне қатысты ақпараттар толқынын "тізгендей" қойды. Журналист Гүлнар Бажкенова Facebook-тегі парақшасында осылай деп жазды.

"Мұнысы адамдыққа жатпайды, әрине. Бірақ бұл саяси технология ғой. Ал саяси технологияға адамгершілік деген жат. Ең бастысы, мақсат пен мүдде", делінген жазбада.

Бұлай деуге негіз бар. 46 кеншінің өмірі қиылған Қарағандыдағы қайғылы жағдайдан кейін алпауыт инвесторды орнынан жұлып алды. Батпандай бизнестің қожайыны өзгерді. Үкіметтік комиссия дамылсыз жұмыс істеді. Қаралы күн жарияланды.

Ал Алматыдағы трагедияда неге мұның бір де біреуі жоқ? Бір емес, бұл арада да көп адам кетіп отыр ғой. Әлде марқұмдардың айыбы заңсыз хостелде көз жұмғаны ма?

Иә, қаланың ортасында даңғарадай ғимараттың заңсыз жұмыс істеп келгенін әкімнің өзі мойындады. ТЖМ "біздің базамызда болмаған, содан тексеруге бармадық" деп ақталды. Бұл арада білім саласы да "ілініп" кетіп тұр. Өйткені жан тапсырғандар арасында жатақханамен қамтылмаған соң хостел жағалауға мәжбүр бір-бір үйдің аялы студент балалары да бар.

Студенттер өліміне қатысты бұрын білім саласында басшы болған Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те үнсіз қала алмады.

Ол Қазақстандағы ЖОО-лар қауымдастығының президенті Алшан Рахманов жариялаған сұмдық статистиканы алға тартты. Сөйтсек, Назарбаев университетінде бір студентке 240 мың доллар бөлінеді екен. Ал әлемнің керемет дейтін білім ордасы Гарвардта бұл сан небәрі 40 мың долларды құрайды. Осындай цифрларды жариялаған ғалым "Бұл қалай болғаны? Нәтиже қайда?", деп үстел тоқпақтап қалған.

"Сұрақ өте дұрыс қойылып отыр. Бір университеттің бюджеті Қазақстандағы қалған барлық ЖОО-ны қаржыландыруға жұмсалатын сомадан асып түседі. Көрдіңіздер ме? Біле білсеңіздер, жекеменшік Назарбаев университеті өзінің жеке табысы емес, барлық ел азаматтарының салығы есебінен қамсыздандырылады. Сонда әлеуметтік әділеттілік деген қайда қалады? Алматыдағы трагедияны алып қараңыздар, студенттер күмәнді хостелде тұруға мәжбүр, өйткені мемлекет жатақхана салып бермей отыр, оның орнына бар ақшаны бір университетке үйіп-төгіп бере салады. Бір сөзбен айтқанда, дөйге барын, қалдығы қалғанына дегендей", деп жазыпты Әбенов.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір