• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:25:13
+12°

03 Қаңтар, 2024 Барлық аймақтар

"Дәстүр" фильмі дінді уағыздай ма?

Хоррор жанрындағы жаңа фильм туралы азды-кем пайым.

Фото: ашық дерек көздерінен алынды

Режиссер Қуандық Бейсек қоғамдағы зорлық-зомбылық пен дәстүрді сипаттайтын толықметражды картинасын жыл соңында көрерменге ұсынды. Көрермен фильмнің идеясын бірі мақтап, бірі даттап, біршама резонанс туды.

Фильмнің атауы – «Дәстүр». Фильмнің өзегі етіп алынған дәстүрді әркім әртүрлі түсінді. Біреу зорлық жасаған адамға қызын қоспайтын, ондай дәстүр болмаған десе, енді біреу мәселенің бәрін ақшамен шешу қанымызға сіңіп бара жатқан «дәстүр» деген ойды алға тартады.

Шиеленіс тудырған сюжет – қыздың зорлануы. Бар оқиға осыдан өрбиді. Екі тарап арасындағы қайшылық, өшпенділік пен күрес емес, күштінің алдындағы әлсіздік те емес, дүниеқорлық пен ақшаға деген аранның ашылғаны сипатталады.

Диана – зорлаушының, ата-ана, қоғам алдында тек жәбір көрген әлсіздіктің образы. Ол мәхрге сұраған еркіндігіне тек өлім арқылы жетеді. Жарқын болашақты аңсаған, өзіндей түлеп ұшқан жас баланы сүйген, домбыраны күмбірлеткен қазақ қызының бейнесі. Бірақ домбыраның қорқынышты болып көрсетілгеніне наразы адамдар бар.

«Фильмдегі ең қорқынышты нәрсе – домбыраның үні екен. Ең қорған болатын нәрсе – араб сөздері екен. Оны әсірелеп, аңыратып тіпті әуездетіп жеткізген», дейді әлеуметтік желіде жастардың бірі. Оның ойынша, бұл фильмде зорлықты қаралау дәстүрдің бұрмалануын көрсетуді емес, дінді уағыздауды мақсат тұтқан.

Аласапыран орнаған шаңырақта құтқарушы тек имамның дұғасы деп қабылдаған. Анығында Аятул-Күрсі дұғасы тек имамның өзіне ғана қорғаныш деталі болып қалған. Сол дұға оқылған жігіттің анасы жынойнаққа тап болады, әкесіне де жазасы келеді. Дін өкілі жынды шығара да, игере де алмайды. Демек, режиссердің идеясында бұл дұға емес, қарғыс.

Қарғыс дін түсінігі бойынша жындар арқылы жүзеге асады және ол жанды нәрсе ретінде сипатталады. Алайда, оқиғаның бұл желісі көпшіліктің айызын қандырмады. Жұрт ең болмағанда көгілдір экраннан болса да, әділдіктің жеңісін көргісі келді. Ал фильмде шиеленіскен мәселе шешімін таппайды. Жәбірленуші сол қалпында, заң да жайына қалып, тек тиранның рухани, психологиялық терең дағдарысымен аяқталады. Көрермен күткен әділеттік орнамайды. Керісінше, күштінің алдындағы әлсіздікті, өлім ғана араша болғанын әсірелеу арқылы бүгінгі қоғамның сипаты дөп басылған.

Сосын біздің көрермен тек жеңіл әзілге негізделген кино көреді деген сөз жоққа шықты. Әр сеанста кинотеатр залында ине шаншар орын жоқ. Билеттер бұрқырай сатылып жатыр.

Әділдік орнамаған, жанама кейіпкерлердің образы толық ашылмағанына қарап, көпшілік фильмнің жалғасы болуы мүмкін деп отыр. Бірақ режиссердің көзімен фильмнің екінші бөлімге сұранып тұр ма, белгісіз.

– Фильмнен дәстүр емес, "отбасы" тақырыбы көтерілгенін байқадым. Дәстүр деген қыздың зорлаған адамға тұрмысқа шығуы емес. Дәстүр деген мүлдем басқа ұғым. Дәстүр мен қанымызға сіңген "ұят боладыны" шатастырып алған сияқты. Дегенмен, бұл фильм қоғамдағы бір жаңалық болды, себебі норма деп саналатын кейбір түсініктердің бізге зиян келтіріп жатқанын жеткізе алды.

Фильмнің басында басты рөлдегі жігіттің әкесінің сырт бейнесі айқындала көрсетіледі. Оның ішімдікке жақын екені, "мен коммунистпін" деп өзінің дін-имандылықтан алыс екенін көрсету арқылы оның баласы Болаттың да ар-ұяттан жұрдай, өзінен кішіге күш көрсететінін, бойында адамгершілік, кішіпейілділік, жылулық, мейірімділік секілді асыл қасиеттер жоқтығын әр қимылынан көрсетеді. Фильмдегі бір Болат арқылы қазақ отбасындағы ер балаға деген қатынасты байқауға болады. Ер балаға жылауға, өзінен үлкен жігіттер күш көрсетсе, ол туралы айтуға тыйым салынады.

Фильмнен байқалған екінші мәселе – қоғамда ер адамдардың қызға сексуалды объект ретінде қарауы. Қыз балаға  тыйымдарды көп айтамыз, ал ер балаға ше? Мектепте, жұмыста, қоғамдық ортада, автобуста қызға харассмент жасалып жатқанын байқаймыз. Ер адамның қызға тимек түгілі "сен бүгін тартымды, ерекше сұлу болып тұрсың" деген сөзінің өзі жеке шекараны бұзу. Бірақ қоғамда мұндай әрекеттерге жол беріледі және оған қызды кінәлап қояды. Күйеуі ұрса, оған өзі кінәлі деп жылы жауып қоямыз. Фильмде соны көрсеткен. Егер бүкіл ауыл болып бар кінәні қызға артпағанда, зорлағанды жазаға тартуды талап еткенде, Диананың әке-шешесі оны тұрмысқа бермес еді, – дейді фильм туралы пікірімен бөліскен психолог Әуез Ақдидар.

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Дәстүр фильмі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір