• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Қазан, 16:48:27
Алматы
+8°

09 Қаңтар, 2024 Барлық аймақтар

Халық банкі халықтың қалауын қашан табады?

Көпшіліктің пікірінше, Халық банкінде әлі де шалалық көп.

Ашық дереккөзден алынды

Еліміздегі ең ірі банктердің бірі Халық банк. Жұрттың көбі зейнетақысын, жөргекпұл, жәрдемақы секілді мемлекеттік төлемдерді тек осы банк арқылы алады.

Содан ба екен, тап бір мемлекеттік мекеме секілді ісі түсіп келген халыққа жөндеп қызмет көрсетпейтін жаман әдетінен әлі арыла алмай келеді.

Мәселен, мемлекеттік емханалар көзімен сүзіп алардай «Неге келдің?» деген сыңаймен қарсы алса, жекеменшік емхананың әр клиентіне асты-үстіне түсіп қызмет ететіні рас.

– Халық банктің менеджерлері де сұсты. Сәлем-сауқат жоқ. Адамдарға емес, айуандарға қызмет етіп жатқандай. Есепшотты мобильді қосымшасынан ашуға болады. Бірақ ол істемей тұр. Орысша мәтін шығады. Алматыдағы әл-Фараби 34-тегі кеңсесіне соқтым. Үлкен зал. Адам жоқ. Талон алдым. Бес минуттай күттім. Менеджерлер бос жүр. Бірі қолына кружка ұстап, әрлі-берлі жүрді. Бірі шамасымен әжетханаға барып-келіп жүр. Клиентке жылдам қызмет көрсетудің орнына банк қызметкерлері бір-біріне сілтеп, дөрекі сөйлейді, деп журналист Шыңғыс Мұқан үш күн бойы онлайн да, офлайн да есепшот аша алмай, қиналып жүргенін ашына жазды күні кеше әлеуметтік желіде.

«Халық банк» емес, халыққа қарсы, антихалық банк бұл» деген диагноз қойды ол осы банкке.

Халық банкінің тұтынушылары банктегі қызмет былай тұрсын, оның мобильді қосымшасына да шағымданып жатады.

«Халықтың қосымшасы тым түсініксіз. Не қайда тұр? Басың қатады. Салақ қатынның бүктеген киіміндей үсті-үстіне үйе берген бірдеңе. Оның жанында Каспи қазақтың өзі сияқты қарапайым ғой. Мектептегі балаға да түсінікті», деген екен Жарас Алипбаев есімді оқырман.

Ақыр аяғы Халық банктің қай қызметін пайдалансаңыз да, көбі ақылы. Мәселен, біреуге ақша аударсаңыз да, банкоматтан ақша шығарсаңыз да 1 пайыз комиссия ұстайды. Банктен банкке аударылған ақша тек 3 күннен кейін ғана түседі дейді. Елдегі алдыңғы банк саналса да, қызметіне қатысты сын көп боп тұр әзірге. 

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: халық банкі аударым

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір