22 Қаңтар, 2024 Барлық аймақтар
Мектептегі жиын: Әке тәрбиесін ешбір ұстаз бере алмайды
Отбасы – қоғам бірізділігінің негізгі тұтқасы. Ал отбасында әке рөлі, әке мейірімі шаңырақтың негізгі берік бөлшегі. Баланы балабақша, мектеп не универ қабырғасында болсын тәрбиелеуші, білім беруші ұстаздар көбіне әйелдер қауымы. Сондықтан әкенің рөлі тек бір шаңырақта ғана емес түгелдей қоғамда маңызы зор. Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер» деген. Ал бүлдіршіндер елдің ертеңі, ұлттың қорғаны. Бүгінде әкелер күні деп атаулы мерекелердің қатарына қосып, білім ордаларында арнаулы іс-шаралар өткізілуде. Осындай форумдардың бірі №183 жалпы білім беретін мектептің қабырғасында да өтті.
Фото: Qamshy.kz
«Әке – отбасының тірегі» атты форум аясында бастауыш сынып оқушылары мен әкелерінің қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Кішкене бүлдіршіндер әкелерімен би билеп, ән шырқады, қазақы болмысты сіңіре білген балалардың домбыра шертуі көпті сүйсінтті. Оқушылардың әке туралы бір үзік ойы жазылған хаттары да келген қонақтардың алдында оқылып, формуға өзіндік үн қосты.
Мектеп директоры Нұрмаханбетов Ғабидолла әке тәрбиесінің маңыздылығы жөнінде:
– Баланың тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Мектеп оқушыларының сапалы білім мен жақсы тәрбие алуы өзекті мәселе. Ал «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды». Біз ұстаз тарапынан қанша жерден білім берсек те, сіздердің берер үлгі өнегелеріңіздің орны асқақ. Сондықтан мектептің тәрбие жұмысында, білім жүйесінде сіздермен бірлесіп көптеген іс атқаратынымызға сенемін, – деп ертеңгі болашақ ұрпағымыздың бүгінгі тәрбиесі жайында ой қозғады.
Шара барысында отбасындағы әке тәрбиесінің алатын орны,оның маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбіді. Мектептің әкелер қауыммен аталған тақырып жайында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков,"Бәйдібек баба" қорының тең төрағасы Қанат Діністанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Васильев өз ойларын бөлісті. Спортшы Валерий Анатольевич балаға тәрбиесінде ескеру керекті бірнеше факторларға тоқталды.
– Балаға ешқашан күшпен, қатты дауыс көтеру арқылы ақыл үйретпеу керек. Айтқан ақылың даруы үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, жасаған ісінің кем-кетігін адами жұмсақ тілмен айту арқылы жеткізу керек. Ұлыма ғана емес, спорт үйірмесіне келген балаларға да солай қараймын. 14 шәкіртім Әлем чемпионы атанды. Өз балам 32 медаль алды. Бұның бәрі дисциплина мен әкелік мейірімнің жемісі. Алайда бұған ақы сұрамау керек. Бала тек алушы. Қартайғанда бір шыныаяқ су бере ме, бермей ме ол бір Құдайдың қолында. Психологиялық тұрғыда оларды қарыз жасамауымыз қажет, – деп ары қарай ұл мен қыз балаға әкелік міндеттерге мысал келтірді.
Қанат Діністанов баланың үлгеріміне анасымен тең деңгейде әкесі де жауапты екені, мектеп жұмыстарына, жиналыстарына отбасы болып ат салысу мәселесін көтерді:
– Отбасындағы ер адамның рөлі тек ақша табу, қажеттіліктерін қамтамасу етумен шектелмейді. Ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасу сияқты індет осыдан шығады. Шаңырақта мәміле көп болуы тиіс. Ал біз көбіне бірінші сыныпқа барарда, сосын бітірерде қай бағыттағы оқуды таңдайтынын сұрап, үйленер кезде бір ақылымызды айтып қоямыз. Ал абзалында әке ретінде баланың әр күнінде кеңесші, ақылшы болуға тиістіміз, – дегенді алға тартты.
Форум мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайтуға бағытталып, отбасының қарым-қатынасындағы сенімділікті және сыйластықты қалыптастыруға үлес қосты. Бұндай шаралардың мектеп қабырғасында өтуі кішкене бүлдіршіндердің ерлік рухын көтеріп, баланың оқу ордасындағы өмірінде әке рөлін бекіте түседі. Әкенің беретін білімі мен ақыл, тәрбиесін ешбір ұстаз бере алмайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір