24 Қаңтар, 2024 Барлық аймақтар
Алматыдағы құрылыс коррупцияға ұшыраған – сәулетші
«Үй салуға болмайды» деген жерге көпқабатты үйлердің толассыз салынды.
Qamshy.kz
Тарихшы, архитектор Хайрулла Ғабжалилов Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты пікірін білдірді. Ол Алматының астында үлкен су қоймасы бар екенін айтады.
– 1960 жылы жапондар келіп, Алматының астынан үлкен су қоймасын тапқан. Егер жер опырылып кетсе, астына түсіп кетулерің мүмкін деген. Алматы қаласы өсіп келе жатқан жас тау – Алатаудың баурайында орналасқан. Бұл аймақта 9 баллдан жоғары жер сілкінісі болады. Талдықорғанда 7 балл жер сілкінісі болғанымен, ол сейсмикалық аймақ емес. Сейсмикалық белсенді жерлер деп 9 балл және одан жоғары баллды жер сілкінісі болатын жерлерді айтады. Алматы сол тізімнің алдыңғы қатарында тұрған қаланың бірі. Алматының бір көшесінде 9 балл, екінші жағында 10 балл, біраз тереңірек жерінде 11-12 балл саналатын жерлер де бар. Мысалы, Райымбек көшесінің төменгі жағында сондай жерлер бар. Сілкініс қуаты топырақтың құрамына байланысты. 1970 жылдардың аяғында РСН-2 деген құрылыс ережесі шыққан болатын, ол қаланың ішіндегі ірі жылжымалы плиталардың картасы сызылған құжат. Сол кездері Алматыда Жандосов пен Тимирязев көшелерінің қиылысында 9 қабатты "детский мир" дүкенінің жобасын сызғалы жатыр едік және қазіргі Анқара қонақүйінің орнында Казпотребсоюз ғимаратының фундаментін құйып, құрылыс жүріп жатқан болатын. Бәрі жаңа ереже бойынша тоқтатылды. Бұл ереже бойынша, қай жерде құрылыс салуға болады, қай жерге болмайтыны жер қыртысының жарылған сызығы картасында көрсетілген болатын. Сол сызық Тимирязев көшесінің бойымен Сәтбаев көшесіндегі Республика алаңынан өтіп, Көктөбе жаққа кететін. Бұрын қай жерде қандай құрылыс болуы керек екенін қаланың құрылыс кеңесі шешетін, солардың шешімі негізінде Горисполком жер беретін. Заманбектен кейін Шалбай Құлмаханов әкім болып келген соң бәрін өз қолына алып, тек әкім ғана шешім қабылдайтын болды, – дейді архитектор.
Сондай-ақ, ғалым құрылыс салуға болмайтын жерлерде көпқабатты үйлердің толассыз салынуын сынға алды.
– Қаттырақ жер қозғалып, плиталар жылжығанда үйлер жер астына кетеді деген жерлердің бәріне үйлер салып тастады. Олар «Керемет» шағын ауданы, «Анкара» қонақ үйі. Сол кездері Төле би көшесінен жоғары Сайраннан бастап Әуезов пен Жандосов көшесінің қиылысына дейін қиғаштап «Ауыл» деген монолитті 9 қабатты үйлерден тұратын аудан салына бастап еді. Бірақ тоқтап қалды. Енді сол үй салуға болмайды деген жерлерге зәулім ғимараттар салынып тасталды. Анау «Алтын орда», Қапшағайға дейін есепсіз үй салынып жатыр. Онда кім тұрады, қалай тұрады, қалай су жүреді – оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Тығыз құрылыс салдарынан ауа да айналмай қалды. Қазір сол нормаларды білетін адамдар сыртта жүр де, шешімді айтқаны заң болатын Байбекке ұқсағандар шешетін болды, – дейді ол.
Ал сейсмикалық аймақтардағы үйлердің материалы қандай болуы керек, қандай сақтық шараларын ескеру керек, деген сұраққа сәулетші-ғалым:
– Біздегі ең сапалы құрылыс – жекеменшік үйлер болды. Хрущевтің кезінде халыққа тезірек индустриялық әдіспен тез-тез үй салып беру керек болды да, домостроительный комбинаттар мен темір-бетон зауыттар ашылды. Онда цементке бетон мен құмды араластырып салатын. Ал қазір темір-бетон зауыттары қытайдың сапасы жоқ цементін сумен араластырып сала береді. Бұл үйдің сапасының төмендеуіне алып келеді.
Құрылысты есептеп, неше баллға төтеп бере алады дегеніміз, қатты жер сілкінгенде ғимарат бірден құлап қалмайды қисаяды, жарылады, бірақ ішіндегі адамдар тірі қалады деген есеппен салынады. Жер сілкініп жатқанда жеделсатыға кіруге болмайды, аяқ астынан жарық өшіп қалса, лифттің ішінде қалып қоясың, шығаратын адам да табылмайды. Ескі ғимараттардың баспалдақ алаңында тұруға болмайды. Баспалдақ төрт жағынан жіңішкелеу арматурамен бекітілген, оларға кемінде елу жыл болған. Егер шіріген болса, үзіліп кету қаупі бар. Ал жаңа ғимараттар – монолиттер, ол жерде тұруға болады. Ригельдің астында тұруға болады. Ең мықты деген ғимараттар – панельді үйлерден кейін монолитті үйлер болып есептеледі. Оған дәлел, 1945 жылы Токиодағы жер сілкінісі кезінде панелді үйлердің бұзылмастан құлағанын көрдік. 1979 жылдың басында Алматыда 7,2 балл жер сілкінісі болған. Сол кезде бір үй құлап, жарылған жоқ еді. Қазір қытайдың қолмен майыса салатын арматурасымен салының жатқан жаңа үйлердің сапасынан хабарым жоқ. Құрылыс саласы коррупцияға ұшырағаннан кейін мен бұл саладан кеткенмін, – деген кеңесін айтты маман.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір