• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:29:24
Алматы
+12°

06 Ақпан, 2014 NEWS

Темірхан Медетбек, ақын: Өз Отанымызда қазақ мәселесін көтеріп отырғанымыз ұят

Бүгінде адамзат баласы үшінші мыңжылдықты басынан өткізуде. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени текетірестер мен өркениеттер қақтығысы да осынау кезеңде жүріп...

8EBF1022-522A-44C4-BB1B-D28EBC7D4EEC_mw1024_n_sБүгінде адамзат баласы үшінші мыңжылдықты басынан өткізуде. Әлемдік экономикалық, саяси, мәдени текетірестер мен өркениеттер қақтығысы да осынау кезеңде жүріп жатыр. Дүниежүзін ғаламдастыру салқыны шарпуда. Міне, осы тұста, сөз жоқ қазіргі қазақ мәселесін жан-жақты талдап-талқыламау мүмкін емес. Оны алдымен үш бағыт-бағдарда алып қараған жөн. Бірінші ұлтымыздың мемлекеттік (саяси), екінші қоғамдық (әлеуметтік-тұрмыстық), үшінші мемлекеттің иесі ретіндегі алатын орнын елеп-екшеу әрі саралау керек. Жалпы, ұлтымыздың болашағы қандай деген сауалға  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек өз ойын былай деп жеткізді. 

Біздің өз жерімізде, өз елімізде, өз Отанымызда қазақ мәселесін көтеріп отыр­­­ғанымыз ұят се­кілді. Соған қара­ғанда, біз шетелде тұрып жатқан, мәсе­лесі шешілмеген үлкен бір этникалық топ, диаспора сияқтымыз. Ұлттық проблеманы қайта-қайта көтереміз. Қай газетті, журналды алып қарамаңыз, сондай-ақ, кіммен сөйлесеңіз де қазіргі қазақ жағдайының мүшкіл екенін алға тартады. Бұл Конституцияның өзіндегі осалдықтан болып отыр. Одан кейінгі үлкен бір проблема − мемлекеттік тіл. Әр мемлекет өзінің тілін өзі қорғауы керек, ол мемлекеттік деңгейде жұмыс істеуі тиіс. Заңда: «Мемлекеттік тіл–қазақ тілі» деп жазылды ма, билік те, халық та соны орындауы қажет-ақ. Өкінішке орай, бізде олай емес. Қазақ мәселесін айта берсек, проблемадан кейін проблема туындайды. Соның ең қатерлісі − жемқорлық. Билік басындағылар жемқорлыққа тосқауыл қоямыз дегенмен де, әлі шарасыз. Өйткені, олардың кейбіреулерінің өздері көпті тонаған, халықтың ақшасына байығандар. Жеріміздің асты-үстіндегі қазба байлықтарының қайда кетіп жатқандықтары да сұрақ. Қазіргі Қашаған төңірегіндегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелердің де сыры сонда. Ал, шетелдерде қалай? Біреудің жеріндегі көлі тұрмақ, шалшығына бетіңді жуа алмайсың. Өйткені, ол біреудің қорығы. Жерімізде Ресейдің 6 полигоны бар. Алты полигонға ит тұмсығы кіре алмайды, миллиондаған гектар жерді алып жатыр. Бұл полигондар бізді қорғау ма?! Бұл да беймәлім. Оған қоса демографиялық жағдайымыз да мәз емес. Сырттан қазақтар келіп қатарымызды молайтар ма десек, олардың да көші саябырсыды. Яғни, бұл оралмандарға жағдай жасалынбады деген сөз. Оған экологиялық жағдайды қоссақ, мәселе тіпті күрделене түседі. Кешегі төбе­ден төгілген гептил айналасының бәрін улап жатыр. Ол «500 жылға дейін кетпейді» дегенді мамандар айтады. Ұлт мәселесі дегенде, менің ең қатты қорқатыным − қазақтың самарқаулығы әрі немқұрайлылығы. Бойымызды немкеттілік билеп алған: ешқандай іске білек сыбанып кіріспейміз. Ол азғантай топқа ғана керек сияқты. Бұл немқұрайлық пен самарқаулық әрі немкеттілік кеңестік санадан қалған, құлдық психологияның жемісі. Мінеки, осындай мәселелерді айтқанда қазақ мәсе­лесі осыншама қалың, күрмеуі қиын проблема екенін аңғарамыз. Мұндай проблемаларды айта беруден шаршамауымыз керек. Қатарымыз бүгін аз болса, шамалы уақыттан кейін әлі де арта түседі деп ойлаймын. Сондықтан, айтудан жалықпауымыз керек. Диаспора деген ұғым бар. Бұл ешқандай кемсітетін ұғым емес. Ол әлем елдерінің бәрінде де бар. Алайда, қай мемлекет біз секілді диаспорасын көкке көтеріп отыр? Мәселен, Германияда түріктер қаптап отыр, бес миллионнан асады. Ал, бірақ, Германия диаспора тілі – түркі тілінде сөйлеп отырған жоқ қой. Біз мемлекеттік тіліміз қазақ тілі дейміз, одан кейінгі ресми тіл орыс тілі деп алып, диаспораның тілінде сөйлейміз.Тіпті, билік басындағылардың өзі диаспора тілінде сөйлеп отырса, не дейсің?

Жазып алған Жания Әбдібек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір