12 Ақпан, 2024 Әлем
Пәкістанда көтеріліс болып жатыр
Пәкістанда парламенттік сайлауға тәуелсіз кандидаттар ретінде түскен экс-премьер Имран Ханның «Техрик-е-Инсаф» партиясының өкілдері күтпеген жерден көп дауыс жинап қойып, билікті састырды.
видеодан алынды
Пәкістанда парламенттік сайлау өтті. Оның ресми нәтижесі екі аптадан кейін жарияланады. Ал алдын ала жарияланған нәтижелер елде наразылықтың бұрқ етуіне түрткі болды. Полиция шеруге шыққандарды басу үшін көзден жас ағызатын газ қолданғаны да хабарланады.
The Guardian басылымы: «Пәкістанның бүкіл өңірінде парламенттік сайлау нәтижелері бұрмаланды деген ұранмен жаппай шеру өтіп жатыр. Істі болған экс-премьер Имран Ханның жақтастары көшеге шығып, өз кандидаттарына берілген дауыстарды санау кезінде заңсыздық орын алғанын мәлімдеді» деп жазады.
Жексенбіде партия бүкіл ел бойынша сайлау комиссиясы филиалдары алдында жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырды. Пәкістан астанасы Лахордада полиция кейбір наразылық білдірушілердің қолын қайырып, абақтыға қамады. Равалпинди қаласында шеруге шыққандар мен полицейлер арасында қақтығыс болды. Полиция көзден жас ағызатын газды қолданды. Наразылық акциясына елдің оңтүстігіндегі Карачи қаласы, сондай-ақ Белуджистан, Синд және Хайбер-Пахтунхва сынды аймақтар да қосылды.
Жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырған Техрик-е-Инсаф партиясы Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Ханмен байланысты. Ол мемлекеттік сыйлықтарды заңсыз сатты деген айыппен сотталған. Қаңтар айының соңында оған басқа іс бойынша тағы екі сот үкімі шықты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір