22 Ақпан, 2024 Экономика
Жоспар жоқ, мақсат жоқ. Қазақстан қайда барады?
Ел тек популистік уәделермен өмір сүріп келеді, көрпесіне қарай көсіліп өмір сүрудің орнына.
ашық дереккөзден
Қазақстанда кедейлер мен жұмыссыздар қатары көбейіп келеді. Бюджетте ақша жетпей, үнемі Ұлттық қордан қосымша ақша алынып жатыр.
Конституцияның бірінші бабының екінші тармағына сәйкес, кез-келген саяси немесе экономикалық реформа халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нашарлатпауы тиіс. Бірақ бізде керісінше болып отыр: мамандар мен сарапшылар Қазақстан халқының жаппай кедейленіп жатқанын айтуда. Дүниежүзілік банк дерегінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша біздің елде кедейлердің саны үш есеге көбейген. Кедейлену әлі жалғасуда.
Президент Тоқаев өз жолдауында жаңа экономикалық модель керек деген. Бірақ жаңа модель жоқ. Модель түгілі, біздің экономикамыздың қандай да бір мақсаты бар ма деген сұраққа жауап жоқ. Экономикалық өсім мен инфляциямен күресті біріктіріп қойып мақсат қылады, бірақ бұл екеуі екі түрлі, екі бөлек мақсат. Бұл деген президентте экономикалық блок жоқ, өзгеріс жасай алатын экономикалық командасының жоғын білдіреді.
Қазақ шенеуніктері экономикалық теорияны білмейді. Бұл соның кесірі.
Жетістікке ұмтылатын кез-келген ел ең алдымен өз өнімін өңдеуден бастайды.
Қазақстанға шетелдік инвесторлармен өнімді бөлісу үлесі туралы келісімдерді қайта қарау керек. Коммерциялық құпия деп қаша бермей. 20-25 жыл бұрын алған міндеттемелерін орындамаған компаниялар шикізат кеніштерін Қазақстанға қайтаруы тиіс. Сосын шикізат алып отырған шетелдік компанияларды құрығанда бастапқы өңдеу зауыттарын салуға міндеттеу керек.
Жаңа экономикалық модель құратын болсақ, оның аясында «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің көзін құрту керек. Бұлар – Қазақстан бюджетінің арамтамақтары болып үйренген ұйымсымақтар. Шындап келіп тексерсек, олар Қазақстан экономикасына тек шығын әкеп отыр.
Кеңес заманында Қазақстанның 20 өңірінің жартысы республикалық бюджеттің доноры болатын. Соңғы бес жылда донор-өңірлер төрттен екіге дейін қысқарды: Маңғыстау облысы мен Астана донор болудан қалды. Қазір Қазақстанда екі-ақ өңір – Алматы мен Атырау ғана бюджетке бірдеңе беріп отыр.
Өткенде президенттің баспасөз хатшысы берген есебін оқып таң қалдым. Президент бір жылда 33 күнді шетелдегі сапарда өткізген, Қазақстандағы сапарларында небәрі 17 күн болған. Өңірлердің мәселелеріне көңіл бөлінбесе, ел қалай дамиды?
Экономикада Қазақстанның ешқандай жоспары жоқ. Тек әлеуметтік бағытты сақтап, шағын бизнесті дамытамыз деуінен басқа.
Ұлттық банктің 2012 жылы қабылдаған стратегиясында 2022 жылы елдегі инфляция 3-4% дәлізіне кіреді делінген. Бірақ 2022 жылдың қорытындысында инфляция 21,7 пайызды құрады.
Салықтар бюджет кірісінің тек 30 пайызын беріп отыр, қалғаны Ұлттық қор есебінен жабылуда. Бұл ел тек популистік уәделермен өмір сүріп келеді, көрпесіне қарай көсіліп өмір сүрудің орнына.
90-шы жылдардың соңында ІЖӨ-нің 85% мемлекеттік емес компаниялар, 15% мемлекет қамтамасыз ететін. Қазір оның шамамен 70% мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қамтамасыз етеді. Бұл – дұрыс емес.
Мемлекет экономикада, саясатта болсын, барлық жерге басын терең тығып алды. Салық органдарының ұсақ-түйек кәсіпкерлердің табысын тексеруге кірісейін дегені – мүлдем дұрыс жол емес. Одан ештеңе шықпайды. Шағын бизнестің бюджетке беретін бар үлесі 2-ақ пайыз. Олардан салық жинауға жұмсалған ресурс түбі жиналған салықтан артық боп шығады. Оның орнына ҚҚС-ті реттеп, мың ірі кәсіпорынды іріктеп алып, солардың салығын бақылау керек. Әр сатушы мен әр таксистің табысын тексеруге мемлекеттің салық қызметкері жетпейді. Дүкен-базардағы ұсақ саудагерлер онсыз да бүгін-ертең кедейлер қатарына кірейін деп отырғандар.
Қытай кедейлікпен күресті 1976 жылы бастады. Енді билігі 2027 жылы кедейлікті түбірімен жою міндетін қойып отыр. Біз айналдырған 2-3 миллион кедейіміздің мәселесін 30 жыл бойы шеше алмай келеміз.
Біз кедейдің ақша табуына мүмкіндік бермейміз. Оның орнына төлемдер беріп қана қоямыз. Өйткені ақша таба бастаған адамның дауысы шыға бастайды. Ақшасы бар адамның талап ету құқығы пайда болады. Ал мемлекеттің қолына қарайтын адамды басқару оңай. Бірдеңе дей бастаса, жәрдемақысынан қағылады.
Біздің мемлекет демократиялық емес. Ол бәрін орталықтандырып, өз уысында ұстамақ. Өкінішке қарай, бізде қашан да басты назарда адам емес, мемлекет тұрады.
(Экономист Мағбат Спановтың masa.media ресурсында жарияланған сұқбатынан)
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір