• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:17:07
Алматы
+12°

23 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар

Танымал кинорежиссер Серік Жармұхамедов дүниеден озды

"Өтелмеген парыз", "Түрксіб", "Сәрсенбінің сәтінде" сынды көркем фильмдердің авторы, деректі фильмдер, дубляж саласында да қызметі ұшан-теңіз, өз саласының майталманы Серік Жармұхамедов 86 жасында дүниеден озды. 

Ашық дереккөздерден алынды

Қаралы хабарды мәдениет саласының адамдары әлеуметтік желіде бөлісіп, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтуда. 

"...Ешқашан еңбегін бұлдауды білмейтін, өзін ұлы өнердің құлақкесті құлындай санаған қарапайым қалпында, ешкімге салмақ салмай, бойына пендешілік жуытпаған күйі, жүзінен ойнақы күлкі арылмаған жарқын бейнесінде жадымызда қалды. Күн секілді күлімдеп, айналасын шуаққа бөлеп жүретін абзал аға еді.

«Ойнақы» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпын. Расында да, Серік ағаның көзінде де, жүзінде де қашанда көтеріңкі көңілінің, таза жанының нұрындай болып, қуақылық, ойнақылық, адамды лезде жадыратып жіберетін жақсы қасиет бар еді. Тіпті ондай рәуіш ол кісінің даусынан да сезіліп тұратын.
– Ассалаумағалейкүм! – деп амандастым бірде ұялы телефонына қоңырау шалып.
– Уағалейкүмәссалам-ей! – деді Серік ағам сергек үнмен даусы саңқ етіп. Үнемі осылай жауап беретін. Кей үлкендер тәрізді үнін ыңырана созып, кім екеніңді сұрап, асықпай жауап беру ол кісінің табиғатына жат еді.
– Туған күніңіз құтты болсын! – дедім.
– Әй, сен менің туған күнімді қайдан білесің-ей? – деді Секең өзіне тән ойнақы үнмен.
– Білуге тиіспін, жұмысым сондай! – дедім мен де ағаның көтеріңкі көңіл күйіне сай сөйлеуге тырысып.
– Е, жөн екен. Қартайған адамға туған күн деген соншалықты маңызды мереке емес қой. Өйткені біздің жасымызда тірі жүрген әр күнің – мереке, ағарып атқан әр таңды көргенің – шүкіршілік... Сонда да қуанып қалдым-ей хабарласқаныңа, рақмет! – деді ағамыз.
Бұл – соңғы сөйлесуіміз екен.
 
2000 жылы режиссер Амангелді Тәжібаевтың "Ақырғы аманат" фильмі туралы мақала жазып, ішінде Серік ағаның туындыларын да қоса атап айтып, талдағанмын. "Кинодағы осы буын лайықты бағасын ала алмай келеді. Осындай тұлғаларды неге өз дәрежесінде насихаттай алмай жүрміз, шығармаларын зерделеп, таразылап, ұлт өнері қорындағы орнын анықтай алмай жүрміз?" деп әбден "ашуланып" жазып, әрең тоқтағам))
 
Сол мақаланы оқып, Серік ағам редакцияға қоңырау шалды. Менімен сөйлесті. "Аса тындырып тастаған ештеңеміз жоқ шығар, бірақ еңбегіңді біреу елеп жатса елең етіп, "апырай, біз туралы да біреу бірдеңе дейді екен-ау" деп риза бола қалады екенсің" деді күле сөйлеп. Қарапайым кісі еді ғой. Сосын дереу "Әй, сенің аудармаға ебің қандай?" деді. "Бар сияқты" дедім. "Онда "Хабарға" кел, мен қазір дубляж жағына режиссер боп жүрмін. Фильм, сериал алып тұрасың" деп шақырды. Содан талай жыл Секеңмен қойын-қолтық жұмыс істеп, бірнеше көркем фильм, телехикая аударуға қатыстық.

Қазақ кинорежиссурасында Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин сынды алыптар шоғыры болды. Талай классикалық дүниелер қалдырды. Осы ұлылардың жолын жалғаған, жандарында жүріп тәлім алған, қазақы туындыларымен ұлт өнеріне үлес қосқан буын да бірте-бірте мәңгілік мекендеріне көшіп жатыр. Шәріп Бейсембаев, Амангелді Тәжібаев, енді міне – Серік Жармұхамедов...

Түсірген кинотуындылары қандай ойлы да сырлы, өзі соншалық қарапайым һәм шынайы адам еді. Таза адам еді. Біздің қазіргі қоғамда мұндай тұлғаларды қадірлей білу жетіспей жататыны да қынжылтпай қоймайды. Алла алдынан жарылқасын дейміз", деп жазды желіде әдебиет сыншы Сәкен Сыбанбай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір